13 млрд теңгенің жыры: Асайын Байханов маса мен шіркейге қарсы күреске шықты

Әкім Асайын Байханов басқаратын Павлодар облысында маса мен шыбын-шіркейге қарсы ауқымды өңдеу жұмыстары басталды. Өңір басшысы оны «шіркей қарсы күрес стратегиясы» деп сипаттады. Осы мақсатқа 13,6 млрд теңге бөлгені мәлім.
Шіркеймен күрескен Байханов
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы ақпанның басында Kursiv.Media осы облыста масаға қарсы күмәнді тендерді кәсіби палуанның клининг фирмасы жеңіп алғаны туралы жазған.
Миллиардтар игеріле бастапты: өңір әкімдігі шыбын-шіркейге қарсы ауқымды науқан басталғаны туралы көлемді материал жариялады. Кішкентай жәндіктермен күрестің бел ортасында әкім Асайын Байхановтың өзі жүр.

Әкімнің шіркейге қарсы күрес стратегиясы
Әкімдік таратқан мәліметке қарағанда, шағын он ұшақ Павлодар маңындағы Атамекен кентіне қонды. Көпшілік «кукурузник» деп атап кеткен АН-2 ұшақтарының бірінен әкім Байхановтың өзі түсіп келе жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, облыс аудандарына бөлінген ұшақтар биыл жалпы аумағы 172 мың га жерді әуеден өңдейді. Оларға арнайы дрондар көмектеседі. Жалпы өңірде 67 елдімекен аумағы мен 3200 км өзен арнасында өңдеу жүргізу қарастырылған.
234,3 мың кг биологиялық және 13,9 мың литр химиялық препарат, сонымен бірге 310 текше метр биологиялық суспензия дайындалғаны айтылды.
«Шыбын-шіркейге қарсы күрес стратегиясы тек өңдеу жұмыстарын жүргізумен шектелмейді, сонымен қатар оның ашықтығы мен халық үшін нәтижесін қамтиды. Барлық іс-шаралар жүйелі түрде, талаптарға сәйкес және ғылыми топтың тұрақты бақылауымен жүргізілуге тиіс, – депті әкім Байханов.
Ақсу барысы енді масамен күресіп жүр
Облыстық мердігер – кәсіби палуан Әміре Бағұстардың «В и К ЛТД» клининг фирмасы 26 ауылдағы су айдындарын өңдепті. Бұған қоса, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы жертөле үй-жайларын өңдеу жұмыстары аяқталғаны жазылды.
Осылайша «Қажымұқан тасын көтерген», Ақсу барысы атанған Бағұстардың компаниясы алдағы үш жылда 13 млрд теңгені игеруді – өңірдегі маса мен шыбын-шіркей популяциясын реттеуді бастап кетті. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай қомақты қаражат қан сорғыштармен күреске ешқашан бөлінген емес.
Kursiv.Media әкім Асайын Байханов басқаратын өңірдің масаға қарсы ірі тендер жариялағанын 2025 жылғы 22 желтоқсанда жазған. Мемлекеттік сатып алу туралы мәлімет ертесіне вице-премьер Серік Жұманғаринге дейін жетіп, шенеунік Павлодарға хабарласатынын айтқан. Ал 2026 жылғы 14 қаңтарда тендер өтпей қалғаны мәлім болса, 26 қаңтарда өңір әкімдігі байқауды қайта жариялаған. Тендер жеңімпазы ақпанның басында мәлім болған.