Алматыда 70 мың шаршы метрлік IT-парк пен жаңа AI-Hub ашылады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Kursiv Media

Биылдан бастап Алматы IT орталыққа айналады. Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов GITEX AI Kazakhstan саммитіне орай ұйымдастырылған брифингте жоспарын таныстырды.

«Қазақстанда құрылған әрбір үшінші IT-стартап Алматыда жасалған. Яғни бұл жағынан потенциалымыз өте үлкен. Бірақ қазір олар шашыраңқы жұмыс істейді. Біз, Алматы әкімдігі, үйлестіруші ретінде сол компаниялардың барлығын бір экожүйеге жинауды мақсат етіп отырмыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Жаңа Almaty AI-Hub ашылады

Смағұловьың сөзінше, әкімдік қаладағы АІ жүйені дамыту үшін толыққанды IT-хаб және IT-парк құруды көздеп отыр. Алматы AI-Hub осы жылы қарашада ашылады деп жоспарланған. Оның аумағы 10 мың шаршы метрге дейін болады, тек IT-технологиялық компанияларға арналған.

Жаңа орталық үшін Алматы әкімдігі қаладағы ғимаратқа жөндеу жұмысын жүргізіп, ол жерге қазақстандық, шетелдік технологиялық компаниялардың кеңселерін ашпақшы.

«Біз экожүйе дегенді қалай түсінеміз? Ол жерде тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін, кез келген уақытта есігі ашық тұратын кеңселер ашылады. Қалағанынша жұмыс істейтін open office форматы болады. Сол жерде жұмыс істеп, тамақтанып, тіпті демала алады», – дейді Смағұлов.

ІТ-парк ашылады

Екінші жоба Алматы ІТ парк деп аталады. Ол нөлден бастап 70 мың шаршы метр аумақта тұрғызылады. Паркке шетелдегі топ тізімдегі технологиялық компаниялар, отандық жас стартаптар шақырылады. Толығымен жаңа экожүйе құрылмақшы. Екі жоба да биыл ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ отандық мамандарды көбейту үшін білім беру бағдарламаларын да іске қоспақшы.

«Оның бірі мамырда ашылады және Nfactorial деп аталады. 18 жастан асқан ересектерді АІ бағытта оқытатын болады. Тағы бір бағдарламаны осы жыл соңына дейін ашып, президентке таныстырамыз. Жас таланттарды, жас дарындарды оқытатын Tomorrow School-да ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Олжас Смағұлов.

Одан бөлек Алматы әкімдігі жанынан тағы бір жаңа компания құрылмақ. Ол серіктестермен жұмыс істейді.

«Қазір біз бұл жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ қандай компания болатынын айтуға дайын емеспін, дегенмен ондай компаниялар қажет», – деді Алматы әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, биыл наурызда Алматыда Қарулы күштер мен ұлттық қауіпсіздік жүйесіне арналған инновациялық шешімдерді дамытуға бағытталған Defense Tech IT Park қорғаныс технологиялары орталығы ашылған. Бұл алаң отандық технологиялық жобаларды әзірлеу мен оларды қорғаныс саласына енгізуді жеделдетуді көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз