Алматыда жеке сот орындаушы 4,2 млн теңге жымқырған

Алматыда жеке сот орындаушының қызметін тексеру барысында мемлекет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылы ол өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 4,2 млн теңгені заңсыз иемденген. Бұл сома бюджеттен алимент өндіру туралы істер бойынша оның көрсеткен қызметіне ақы төлеу ретінде бөлінген болатын.
«Сот орындаушысы бір өндіріс бойынша төлемді жылына бір рет қана алуға рұқсат беретін заң талаптарын елемеген. Оның орнына ол Әділет департаментіне 47 іс бойынша 76 қайталама есеп жіберген», – делінген хабарламада.
Алмалы аудандық соты үкім жариялап, сот орындаушы 2 жыл 4 айға колонияға аттанды. Сондай-ақ, сотталған азамат бес жыл бойы кәсіби салада жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысында Көпбейінді орталық аудандық аурухананың бұрынғы бас дәрігері бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінгенін жазған едік.