Автокөлік импорты: 2026 жылдың І тоқсанындағы нарық динамикасы

2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның автокөлік нарығында белгілі бір деңгейде тұрақтылық пен қалыпты төмендеу үрдісі байқалады. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша елімізге барлығы 32 213 көлік импортталды, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен (33 663 көлік) салыстырғанда 4,3%-ға аз.
Kursiv.Media Кірістер комитетінің дерегін қолдана отырып, көлік импортын талдады. Қаржылық тұрғыдан алғанда да нарық көлемі сәл қысқарған: былтыр импортталған техниканың жалпы құны 485,5 млн долларды құраса, биыл бұл көрсеткіш 471,4 млн долларға немесе 190,5 млрд теңгеге тоқтады. Бұл сандар нарықтың өткен жылғы қарқынды сақтап қалғанын, бірақ сұраныс пен логистикалық тізбектерде шағын түзетулер жүріп жатқанын көрсетеді.
Автокөлік импортының көлемі (2026 ж. 1-тоқсан)
Қытай үстемдігі және жапондық брендтердің құны
Импорт географиясына тереңірек үңілсек, Қытай Халық Республикасының нарықтағы үлесі әлі де басым екенін көреміз. Үш ай ішінде көршілес елден 21 226 автокөлік жеткізілді, бұл жалпы импорттың 65%-дан астамын құрайды. Бұл көліктердің жалпы сомасы 215 млн долларға бағаланды, яғни қытайлық өндірушілер масс-маркет сегментіндегі негізгі сұранысты жауып отыр. Сонымен қатар Жапониядан келген 6 092 көліктің құны 110,7 млн долларға жетуі айтарлықтай қызығушылық тудырады. Саны жағынан Қытайдан үш есе аз болғанымен, жапондық техниканың құны жоғары, бұл отандық тұтынушылардың осы елдің премиум және сенімді жол талғамайтын көліктеріне деген адалдығын тағы да дәлелдейді.
Еуропалық премиум мен мұхит асып келген техникалар
Батыс елдерінен келетін импорттың өзіндік ерекшелігі бар. Германиядан жеткізілген небәрі 2 004 көлік үшін 59,3 млн доллар жұмсалған, бұл неміс автопромының Қазақстан нарығындағы ең қымбат сегментті иеленіп отырғанын көрсетеді. АҚШ-тан келген 6 617 көліктің құны 55,2 млн долларды құрап, саны жағынан Жапониядан озғанымен, құны жағынан едәуір төмен болды. Ал Оңтүстік Кореядан импортталған 4 228 көліктің жалпы сомасы 8,4 млн доллар шамасында қалуы бұл бағыттың көбіне бюджеттік үлгілер немесе арнайы техникалық мақсаттағы көліктерге бағытталғанын аңғартады. Жалпы алғанда, 2026 жылдың бірінші тоқсаны қазақстандықтардың жаңа темір тұлпар таңдауда әртүрлі бағыттар мен баға санаттарын белсенді түрде қарастырып жатқанын көрсетті.
Ресми диллерлер қанша көлік сатты?
Бірінші тоқсандағы нәтиже бойынша әдеттегідей Hyundai (8 658 ; -25,8%) ешкімге дес берер емес. Екінші орында тұрған Kia (7 493; +52,8%) оған жақындап қалды.
Үздік үштікке тағы Chevrolet (6 629 (+10,3%) кірді. Сондай-ақ тізімде Chery – 3 320 бірл. (+7,2%), Changan – 3 231 (+98,2%), Haval – 2 308 (-10,5%), Jetour – 2 258 (-27,2%), Jac – 1 491 (-38,4%), Toyota – 1 266 (-41,2%) және Geely – 1 181 (-51,6%) бар. Бұл туралы ҚАО хабарлады