Биыл отандық стартаптар 400 млн доллар венчурлық инвестицияға қол жеткізуі мүмкін

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Осы жылы Қазақстанға келетін венчурлық инвестиция көлемі 400 млн долларға жетуі мүмкін. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Алматыда өткен Gitex AI Kazakhstan форумында MA7 қорының басшысы Мұрат Әбдірахманов осындай болжам жасады.

Оның сөзінше, Alem.ai қорының іске қосылып, нарыққа инвестиция жасай бастауы салаға үлкен драйвер болмақ.

«Біз Қазақстандағы венчурлық инвестиция көлемі 400 млн долларға дейін өседі деп болжап отырмыз. Бұл көрсеткіштің екі есе өсуіне соның ішінде GITEX-тің де септігі тиеді. Бізде Alem.ai қоры жұмыс істей бастады, сол арқылы нарыққа шамамен 130 млн доллар инвестиция құйылады», – деп атап өтті Әбдірахманов

Одан бөлек шетелдік инвестиция үлесі де қомақты болатынын айтты. Ал ол инвестицияның жартысына жуығы отандық Higgsfield стартабына тиесілі болады дейді.

«Бірінші кезекте Higgsfield, оған 200 млн доллардай барады», – деді Әбдірахманов.

2025 жылы елдегі венчурлық нарық күрт өсім көрсетіп, инвестиция көлемі 71 млн доллардан 209 млн долларға дейін артты. Сол кезде де жартысына жуығы Higgsfield иеленген еді. Нарықтан 130 млн доллар тартып, құны 1,3 млрд доллар деп бағаланған алғашқы «сыңармүйіз» (unicorn) стартап атанды.

Higgsfield AI – тұтынушының сұрауына қарай түрлі видеолар дайындап беретін платформа. Биыл қаңтарда сервистің негізін қалаушы Ерзат Дулатты Ақордаға шақырып, Тоқаевпен кездескен.

Сондай-ақ оқыңыз