Банк пен қаржы

Доллар тағы арзандап, теңге екі жыл бұрынғы бағамға оралды

доллар мен теңге бағамы
Теңге екі жыл бұрынғы бағамға қайта оралды / фото: shutterstock

Қазақстан қор биржасында (KASE) 27 сәуірде сағат 15:30-да 1 доллар 460,80 теңге болды. Алайда биржадағы сауда барысында оның құны 457 теңгеге дейін түсіп кетті. Валюта айырбастау мекемелері де АҚШ валютасын 460 теңгеден төмен бағаға саудалап жатыр.

Ұлттық валюта дүйсенбі күні тағы шамамен төрт теңгеге нығайды. Өткен аптаның аяғында қор биржасында доллар саудасы 464,75 теңгемен жабылған. Осылайша, теңге 2024 жылғы маусымның басындағы бағамға қайта оралды.

Елдегі екінші деңгейлі банктер 1 доллар бағасын 457,59-458,05 теңге аралығында белгіледі. Ал валюта айырбастау пунктері көк қағазды 459,5 теңгеден сатып жатыр. Kurs.kz мәліметінше, 1 доллар Алматы қаласында 458 теңгеден қабылданып, 459,5 теңгедден сатылады. Ал Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғары – 456 және 463 теңге.

Осының алдында қазақстандық сарапшы Ғалым Құсайынов кейінгі бірнеше айда доллардың құлдырауын Қазақстанның сыртқы қарызының көбеюімен байланыстырған.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаз уақыттында долларға сұраныс артатынын алдын ала ескерткен.