«Хезболла» Израильмен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартты

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Израиль мен «Хезболла» арасындағы келісім бұзылды
«Хезболла» Израильмен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ливандағы «Хезболла» шиит қозғалысы Израильмен тікелей байланыс орнату мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ұйымның Бас хатшысы Наим Касем дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде қозғалыстың ұстанымы мен алдағы жоспарларын ашық айтты.

«Хезболлаға» тиесілі «Аль-Манар» телеарнасы хабарлағандай, Наим Касем топтың қарусыздану мәселесін тіпті талқыламайтынын баса айтты. Оның сөзінше, кез келген байланыс тек жанама форматта және бірнеше қатаң шарттар орындалған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін.

Диалог орнату үшін қойылған шарттар:

  • Құрлықта, теңізде және әуедегі агрессияны тоқтату;
  • Израиль әскерін оккупацияланған аумақтардан толық шығару;
  • Тұтқындарды босату;
  • Ливандықтардың өз үйлеріне оралуына жағдай жасау және қираған нысандарды қалпына келтіру.

Наим Касем Ливан билігін Израильмен тікелей келіссөздерден бас тартуға және ел ішінде «қарсылық көрсетушілерді» қылмыскер санау туралы шешімдерді қайта қарауға шақырды.

«Біз қаруымыздан бас тартпаймыз және қарсылықты жалғастырамыз. Қандай қауіп төнсе де, біз шегінбейміз, тізе бүкпейміз және жеңілмейміз», – деді ұйым басшысы.

Мәлімдемеде 2024 жылғы 23 қыркүйектен басталған Израильдің әскери науқаны өз мақсатына жете алмағаны айтылды. Касемнің пайымдауынша, АҚШ-тың қолдауына қарамастан, израильдік күштер «тығырыққа тірелген».

Сонымен қатар, Наим Касем қозғалыстың наурыз айына дейінгі жағдайға қайта оралмайтынын және Израильдің кез келген әрекетіне жауап бере беретінін жеткізді. Ол бейбіт тұрғындар арасындағы шығындарға қарамастан, Израиль әскері толық шығарылмайынша күресті тоқтатпауға уәде берді.

Айта кетейік, осыған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливандағы «Хезболла» қозғалысының нысандарына қуатты соққылар жасау туралы бұйрық бергенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз