Мейірман Шекеев Мұхтар Шахановты қаралаған блогерді сотқа бермек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Танымал заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде қазақтың біртуар ақыны, қоғам қайраткері, марқұм Мұхтар Шахановқа қатысты ауыр сөздер айтқан блогерді жауапқа тартпақ. Заңгердің айтуынша, бұл әрекет жеке тұлғаны ғана емес, тұтас ұлтты қорлап тұр.

Блогер не деді?

Әлеуметтік желіде «Мамбетадор» атты пайдаланушы Алматыдағы Розыбакиев көшесінің атауын Мұхтар Шахановтың құрметіне өзгерту туралы ұсынысқа шүйліккен. Блогер өз жазбасында:

«Розыбакиев көшесін не үшін Шахановқа беруіміз керек? Желтоқсандағы бандиттерді ақтап шыққан баз біреу үшін бе?», – деген мазмұнда пікір білдірген.

Бұл мәлімдеме желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды «бандит» деп атауы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Заңгердің ұстанымы

Мейірман Шекеев мәлімдемені арандатушылық және ұлттық намысқа тию деп бағалады. Ол блогердің үстінен құзырлы органдарға арыз түсіретінін ашық айтты.

Заңгер Мұхтар Шахановтың Желтоқсан шындығын ашудағы еңбегі орасан екенін, оны қаралау тарихты бұрмалау екенін алға тартты. Шекеев мырза блогердің әрекетінде алауыздық тудыру және тұлғаның ар-намысына тию белгілері бар екенін атап өтті.

Мұхтар Шаханов Желтоқсан көтерілісіне саяси және құқықтық баға берілуіне тікелей атсалысқан тұлға. Оның бастамасымен КСРО деңгейінде комиссия құрылып, қазақ жастарының ерлігі ақталды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановтың атына ауыстыру петиция жарияланған еді.

Халық жазушысы, ақын 19 сәуір күні қайтыс болған еді. Қоштасу рәсімі Алматыда өтіп, кейін сүйегі Түркістан облысы Отырар ауданына жеткізіліп сол жақта жерленді. 

Сондай-ақ оқыңыз