Ресей «Байтақ» партиясының төрағасын елге кіргізбеді

Ресей билігі қазақстандық «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайды елге кіргізбей қойды.
Ол бұл туралы әлеуметтік желіге жазды. Айтуынша, 24 сәуір күні сағат 21:00-де 26 сәуірде өтуі тиіс Ресейдің экологиялық партияларының съезіне қатысу үшін Астанадан Мәскеуге ұшпақ болады.
Фамилиясы тізімде
Бастапқыда ресейлік «Аэрофлот» ұшағына отыруға бара жатқанда телефон арқылы фамилиясының қандай да бір тізімде тұрғаны және оны ұшақ бортына жібермейтіні хабарланған.
«Мен кері қайтып, болған жағдай туралы Ресейдегі достарыма – Ресейдің Жасылдар партиясына хабарладым. Ресейдің Жасылдар партиясы шұғыл түрде Ресейдің құзырлы органдарына сұрау жолдап, кейін маған ешқандай күрделі мәселе жоқ екенін, жақын арадағы қазақстандық рейспен Мәскеуге ұша алатынымды, олар мені сол жерде қарсы алатынын хабарлады», – деп жазды саясаткер.
Қосымша тексеру
Сосын ол қазақстандық «Скат» әуе компаниясымен Ресейге ұшқан.
«Мен бірінші қатарда отырғандықтан, паспорттық бақылауға алғашқылардың бірі болып бардым. Сол жерде маған: «Сізге қосымша тексеруден өту қажет» деді. Ешқандай түсініктеме берілген жоқ», – дейді «Байтақ» партиясының төрағасы.
Айтуынша, таңғы сағат 9-да шекара қызметінің қызметкері келген. Келе сала, құжатқа қол қоюды талап етіп, Қазақстанға қайтарылатынын айтқан. «Неге?» деген сұрағыма: «Білмейміз», – деген жауап алған.
«Қауіп төндірмеймін»
«Мен – Қазақстанның «БАЙТАҚ» Жасылдар партиясының төрағасымын. Мен азаматтық қоғамның өкілімін. Мен Ресейдің Жасылдар партиясының ресми шақыруымен экологиялық партиялардың съезіне келдім. Мен заң бұзған жоқпын. Мен ешқандай қауіп төндірмеймін», – деп түсіндірген.
Бұл уәжіне қарамастан Ресей билігі оны кіргізбей қойған. Сонымен қатар Қырғызстан азаматы – бұрынғы КТРК басшысы Илим Қарыпбековке де Ресейге өмір бойына кіруге тыйым салынып отыр.