Айналымы 557 млн теңге: Шымкентте заңсыз онлайн-козино ұйымдастырғандар ұсталды

Шымкентте мобильді қосымша арқылы жасырын жұмыс істеген интернет-казино анықталды. Заңсыз ойын бизнесінің жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден (1 млн доллар) асқан.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманы іске асыру үшін Шымкент тұрғыны покер ойнауға арналған (Техас холдем) мобильді қосымшаны пайдаланған. Онда «Vendetta» және «AMG600L» атты ойын клубтары құрылып, «Nomad» желісіне біріктірілген.
Клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстаннан бөлек Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен ойыншыларды тартқан. Клиенттердің санын көбейту үшін түрлі бонустар мен ынталандыру жүйесі қолданылған.
Қылмыстық схема қалай жүзеге асты?
Агенттік мәліметінше, ойыншылар өз есепшоттарын банк шоттарына ақша аудару арқылы толтырып, соның негізінде ойынға қатысуға мүмкіндік беретін «фишкалар» алған.
Ұтқан жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың карталарына аударылып отырған.
«Ұйымдастырушылардың табысы әр ойын үстелінен алынатын 3-5% көлеміндегі комиссия есебінен қалыптасып, тұрақты кіріс әкеліп отырған. Сонымен қатар ойыншыларды ұстап қалу үшін оларға виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де қолданылған. Қаржы ағымдарын жасыру мақсатында «дропперлердің» банк шоттары, оның ішінде шетел азаматтарының шоттары пайдаланылған. Шот бергені үшін оларға әрбір есепшотқа 100–200 мың теңге көлемінде сыйақы төленген», – делінген хабарламада.
Аталған шоттар бойынша жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден асқан.
Сондай-ақ тінту барысында ұйымдастырушының тұрғылықты жерінен есірткі заты табылып, тәркіленді. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған әйел 4 жылға сотталғанын жазғанбыз. Ол әлеуметтік желілер арқылы онлайн-казино ұйымдастырып, тікелей эфирде азаматтарды құмар ойындарға қатысуға ашық түрде шақырып отырған.