Lifestyle

2 мың оқушы «Алтын ұя» күйін орындады

Астанада 2 мың оқушы "Алтын ұя" күйін орындады
Ұлттық флешмоб / фото: Астана қаласы әкімдігі

28 сәуірде Астана қаласында 2 мың оқушы күй орындады. Ауқымды музыкалық флешмоб EXPO көрме орталығы алаңында өтті.

Іс-шараға қала мектептерінің оқушылары қатысты. Мыңдаған өнерпаз бір мезетте сазгер Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйін орындады, деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Астанада 2 мың оқушы "Алтын ұя" күйін орындады
Өнерпаз жастар күй орындады / фото: Астана қаласы әкімдігі

Оқушылар домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, флейта және скрипка секілді ұлттық және классикалық аспаптарда ойнады.

Музыкалық флешмобқа қаладағы өнер және музыкалық мектептердің, сонымен бірге жалпы білім беру ұйымдарының 10-16 жас аралығындағы оқушылары қатысты.

Астанада 2 мың оқушы "Алтын ұя" күйін орындады
Түрлі аспапты меңгерген оқушылар / фото: Астана қаласы әкімдігі

Іс-шараның басты мақсаты – «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясын музыка арқылы жеткізу. Әртүрлі аспаптың үні бір арнаға тоғысып, көпұлтты елдің бірлігін бейнеледі.

«Алтын ұя» күйі Отанға, туған жерге деген сағыныш пен махаббатты бейнелейтін туынды.

Осының алдында дарынды әнші Нұржас Садырбаев халықаралық «Voice Beyond Horizon» (Көкжиектен асқан үн) музыкалық жобасында топ жарған.