2026 жылы қазақстандықтар саяхаттайтын танымал бағыттар белгілі болды

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
2026 жылы қазақстандықтар қайда саяхаттайды
2026 жылы қазақстандықтар қайда саяхаттайды/фото: ЖИ

2026 жылы қазақстандық туристер арасында сұранысқа ие елдердің қатарында Мысыр (43,1 мың адам), Грузия (31,8 мың адам), БАӘ (22,6 мың адам) және Вьетнам (13,5 мың адам) бар.

Ranking деректеріне сәйкес, 2025 жылы қазақстандық туристер үшін негізгі бағыттар Қытай (32,9%) мен Түркия (29,5%) болды. 2024 жылы бірінші орында Түркия тұрған еді.

2025 жылы Қазақстаннан шетелге (тұрақты тұруға немесе жұмыс істеуге емес) жеке мақсат, туризм немесе іскерлік сапармен шыққандардың саны 11,8 млн адамға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл аз (1,2%-ға).

Шетелге шыққандардың басым бөлігі өзге елдерге жеке шаруаларымен (10,2 млн адам) барса, нақты туристік мақсатпен елден 417,1 мың адам шыққан. Айта кетерлігі, тағы 17,5 мың адам шетелге қажылыққа, ал 5,6 мың адам емделуге аттанған.

Шетелге шығушылардың жалпы бағыттарына қарасақ, қазақстандықтардың көбі Ресей (3,1 млн адам), Өзбекстан (2,9 млн адам) және Қырғызстанға (2,6 млн адам) барған.

Қазақстандықтар демалысқа қанша қаражат жұмсайды?

2025 жылы қазақстандықтардың демалысқа жұмсаған шығыны 475 млрд теңгені құрап, бір жылда 26,7%-ға өскен.

Шығындардың ең үлкен бөлігі, яғни, 154,4 млрд теңге туристік жолдама мен билетке жұмсалған. Сондай-ақ қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындарында тұру (98,1 млрд теңге) және тамақтануға (74 млрд теңге) қомақты қаражат жұмсалды.

Тауар сатып алуға 54,7 млрд теңге, ал көлік шығынына (халықаралық тасымалдарды есептемегенде) 34,2 млрд теңге кеткен.

Айта кетейік, елімізге келетін туристер саны да өсіп келеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елге  10,1 млн турист келген.

Сондай-ақ оқыңыз