28 сәуірден бастап қандай жол ережесін бұзған көліктер арнайы тұраққа жеткізіледі

28 сәуірден бастап Астанада арнайы эвакуаторлар жұмыс істеп, дұрыс қойылмаған көліктерді коммуналдық тұрақтарға жеткізеді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының директоры Марат Садуовтың айтуынша, тұрақ және аялдау ережелерін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін азайтады. Артынша, кептеліс пайда болады.
Бүгінде елордада келіп-кететін көліктерді қоса есептегенде 600 мыңнан астам автокөлік бар. Автоматтандырылған жүйелер күн сайын екі мыңнан астам осындай құқықбұзушылықты тіркейді.
Көлікті тиіп алып кету адамдар көп шоғырланатын, тыйым салу белгілері орнатылған және қозғалысқа кедергі келтіретін аумақтарда жүргізіледі.
Көлігін таппай қалған жүргізушілер 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарласып, ақпарат ала алады.
Айта кетейік, эвакуация құны 3 АЕК-ті құрайды, ал тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.
Бұған дейін, Астанада 50 мыңнан астам жүргізуші тұрақ ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын жазған едік.