Lifestyle

Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 млн теңге зейнетақы төлейтін болды

Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 млн теңге зейнетақы төлейтін болды / Коллаж ЖИ көмегімен жасалған

Белгілі продюсер Баян Алагөзова Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 млн теңге зейнетақы төлейтін болды. Бұл туралы Алагөзованың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді.

Әлеуметтік желіде Қыз Жібек фильміндегі камзолды киіп түскен видеосында Алагөзова Меруерт Өтекешоваға жүгінді.

«Осы фильмдегі (Қыз Жібек фильмі) рөліңіз үшін, қазақ мәдениетіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс айта отырып, сізге кішігірім сыйлығым мына тонды сыйлағым келеді. Сіз ғаламдағы барлық жақсылыққа лайықсыз. Және алғысымды білдіру үшін өз атымнан және өз жолдасымның атынан өмір бойына ай сайын 1 млн теңге беріп отырамыз», – деді Алагөзова.

Ол бұл әрекетті не үшін елдің алдында жасап отырғанын да түсіндіре кетті.

«Неге мұны жұрттың алдында айтып отырмын? Себебі мен ел үшін еңбек етіп, театр мен кинода тер төккен қаншмаа әртістің ұмыт қалғанын білемін. Мен меценаттарға біздің тарихымыз өзгерткен және өзгертіп келе жатқан адамдарды ұмытпай көмектесіңіздер дегім келеді», – деді ол.

Продюсер Меруерт Өтекешованың мәңгі Қыз Жібек және мәңгі қазақ қыздарының символы болып қалатынын айтып, оны келер жылы өтетін «Қазақ Аруы» байқауында құрметті қонақ болуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде белгілі продюсер Баян Алагөзова Қыз Жібек камзолын киіп, баға жетпес жәдігерді сыйға алғанын желіде жариялады. Артынша-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі реквизиттің жеке қолға қалай өткенін тексеретінін мәлімдеді. Дегенмен продюсер «50 жыл бойы ешкім іздемеген» камзолды ешкімге бермеймін деген еді. Кейіннен дауға Өтекешова тіл қатып, Алагөзованың қолындағы камзолдың тұпнұсқа екенін растаған.