Қазақстан ІТ экспортынан 1 млрд доллар «табыс» тапты

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанға ІТ қызмет экспортынан түскен қаржы миллиард долларға жетті. Яғни шетелдік компаниялардың қазақстандық ІТ қызметтер үшін осынша сома төледі деген сөз. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша, ІТ қызмет экспортынан бір миллиард доллардан аса қаржы түсті. Енді осы деңгейді сақтап қалу үшін барынша тырысу керек. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектің әлемдік экономикаға қосқан үлесі 22 трлн доллардан асады. ІТ сала тым жоғары қарқынмен дамып жатыр, сондықтан жаһандық цифрлық бәсекеден қалмау үшін барынша тырысу керек», – деді премьер-министр.

Оның сөзінше, кәсіпорындарға цифрлы технологияны енгізу тауар сапасын, еңбек қауіпсіздігін, өнімділікті арттыруға көмектеседі және осы саясатты ары қарай да жалғастыра беру керек.

«Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін суперкомпьютердің есептеу қуаттарын бөлу туралы өтініштер саны артты. Бұл қазіргі көлемді ұлғайту және мұндай ресурстарды бөлудің икемді саясатын қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Жасанды интеллект министрлігі қуаттардың шектеулі болуы тежеуіш факторға айналмас үшін тиісті шараларды қабылдауы тиіс. Қазір Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобаға инвесторларды тарту бойынша жұмысты жандандыру қажет», – деп атап өтті үкімет басшысы.

Яғни қазір мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар ЖИ жобаларын жасауға қатты кіріскен, бірақ ол үшін қарапайым компьютер емес, өте қуатты суперкомпьютерлер керек. Дегенмен суперкомпьютерді пайдаланғысы келетін ұйымдар көбейгендіктен, оның қуаты барлығына бірдей жетпеуі мүмкін. Қуат жетіспеуі елдегі технология дамуына кедергі болмас үшін премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне арнайы тапсырма берді. Ведомство екі апта ішінде Қазақстан аумағындағы бұлтты провайдерлерді дамыту үшін заңнамаға қажетті өзгеріс енгізуі керек.

Еске салайық, былтыр қазанда Алматыда өнімділігі 1,5 петафлопс болатын AI-Farabium суперкомпьютері іске қосылған. Енді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қосшыда тағы бір жаңа суперкомпьютер жұмысқа кірісетінін жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз