Қазақстандық камаз жүргізушілері Ресейде қайтадан 180 күн жүре алады

Ресей ТМД елдері мен Грузиядан келетін халықаралық тасымалдаушылар үшін ережелерді жеңілдетті. Бұл халықаралық маршруттарда жұмыс істейтін қазақстандық жүргізушілерге де қатысты болмақ.
Енді олардың Ресей Федерациясы аумағында уақытша болу мерзімі бір күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен 180 тәулікке дейін ұзартылды. Сөз тасымалдау жұмыстарын орындау үшін елге визасыз тәртіппен кіретін кәсіби жүргізушілер туралы болып отыр.
Тиісті қаулыға Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин 27 сәуірде қол қойды. Құжат сейсенбі күні Ресей Федерациясының құқықтық ақпарат ресми порталында жарияланды.
Жаңа шарттар Қазақстанды қоса алғанда, ТМД елдерінің азаматтарына қатысты, сондай-ақ бұл ережелер Грузияға да қолданылады. Ұзартылған мерзім тек елге кіру және болу туралы өтініш берілген жағдайда ғана күшінде болады.
Қаулы 2026 жылдың 30 маусымынан бастап өз күшіне енетіні атап өтілді.