
Қазақстан кинотеатрларында 23-26 сәуір аралығындағы «Box Office» көрсеткіштері жарияланды. Freedom Ticketon мәліметіне сүйенсек, қазақстандық көрермендердің отандық туындыларға деген қызығушылығы жоғары.
«Періште» көш басында
Рейтингті Құралай Анарбекованың «Періште» фильмі бастап тұр. Фильм прокатқа шыққан екінші аптада 225 078 256 теңге жинап, бірінші орынды бермей келе жатыр.
Туындының сюжеті драмалық оқиғаға құрылған. Ауылдан қалаға оқуға келген Айжанның өмірі, оның үлкен үмітпен құрған отбасылық өмірі күтпеген қайғылы оқиғаға ұласады.
«Алдар» VS «Майкл»
Екінші орында Дәурен Серғазин басты рөлді сомдаған «Алдар. Махаббат туралы аңызы» тұр. Аңызға айналған қу әрі ақылды Алдар көсенің 15 жылдан кейін заманауи кейіпте қайта оралуы бір аптаның ішінде 178 955 257 теңге жинады.
Ал үздік үштікті поп-музыка королі Майкл Джексон туралы түсірілген «Майкл» өмірбаяндық фильмі түйіндеді. Әлемдік прокатта 217,4 млн доллар жинап, рекордтар жаңартып жатқан туынды қазақстандық көрермен арасында айтарлықтай қызығушылық тудырмай отырған сыңайлы. Отандық прокаттағы көрсеткіші – 175 018 008 теңге. Бұл әлемдік деңгейдегі жұлдыз туралы фильм болғанымен, қазақстандықтардың отандық комедия мен драмаға деген сұранысы басым түсіп тұр.