Қытай халқы алдағы он жылда 60 млн адамға кемиді

Сарапшылардың болжамынша, Қытайда алдағы 10 жылда халық саны шамамен 60 млн адамға қысқармақ.
Бұл Франция халқымен шамалас мөлшер. Мамандар мұны демографиялық қауіп деп бағалап отыр.
South China Moning Post мәліметінше, экономикаға және зейнетақы жүйесіне қысым күшейеді. Әсіресе, елдің Тынық Мұхиты жағалауындағы бай өңірлер үшін түйткіл тудырады.
Халықтың қартаюы мен отбасы санының азаюы әлеуметтік шығындарды арттырады. Яғни, жұмыс істеп, салық төлейтін жастар азаяды да, зейнетақы алатын кәрілердің саны көбейеді. Бұл жайт қазірдің өзінде бюджетке салмақ түсіріп отыр. Былтыр әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген субсидиялар рекордтық деңгейге жетіп, алдағы уақытта да өсе түсуі мүмкін.
Негізгі себептердің бірі – туу көрсеткішінің күрт төмендеуі. Айталық, 2025 жылы небәрі 7,92 млн бала дүниеге келген еді. Бұл – рекордтық төмен көрсеткіш. Бұған өмір сүру құнының қымбаттауы мен әлеуметтік көзқарастың өзгеруі әсер еткен.
Демографиялық қысым еңбек өнімділігіне, тұтынуға, инвестицияға кері әсер етіп, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне әкеліп соғады. Соған қарамастан, кейбір өңірлерде мемлекеттік қолдау мен ішкі көші-қон есебінен халық өсімі байқалады. Бірақ ел бойынша жағдай біркелкі емес.
Айта кететін жайт, 2025 жылы Қытай халқының саны 3,39 млн адамға қысқарған болатын.