Ресей миллиардерінің отбасына тиесілі компания тағы да шығынға батқан

Ресейлік миллиардер Андрей Мельниченконың отбасына тиесілі «Үшгер» тау-кен химия компаниясы 2025 жылды қорытындылай келе, тағы да қомақты шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Осыған байланысты компания биыл да акционерлерге дивиденд төлеуден бас тартты. Хабарлама қаржы есептілігі депозитарийінде жарияланған.
Компания шығыннан көз ашпай келеді
«Үшгер» тау-кен химия компаниясы» акционерлік қоғамының жалғыз акционері 2025 жылдың қорытынды есебін бекітті. Ресми құжатқа сәйкес, кәсіпорынның өткен қаржы жылындағы таза шығыны 425 558 000 теңгені құраған.
Қаржы жағдайының мәз болмауына байланысты компания басшылығы дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады.
Меншік құрылымы күрделі
«Үшгер» компаниясының иелік ету тізбегі халықаралық деңгейдегі күрделі құрылымға ие. Оның жалғыз акционері – қазақстандық «Герес Удобрения» компаниясы.
Бұл мекеме ресейлік «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясына тиесілі. Ал «ЕвроХимнің» 100% акциясы швейцариялық EuroChem Group Ltd компаниясының иелігінде.
Тізбек мұнымен аяқталмайды. Швейцариялық холдингтің қожайыны – кипрлік AIM Capital Ltd, оның бақылау пакетіне Linea (CY) Ltd иелік етеді. Соңғы нүкте – Firstline Trust деп аталатын қайтарымсыз басқару трасты.
Бенефициар – Александра Мельниченко
Аталған трастың жалғыз бенефициары – Сербия мен Хорватия азаматтығы бар Александра Мельниченко. Ол танымал ресейлік кәсіпкер Андрей Мельниченконың жары.
Forbes мәліметтеріне сүйенсек, Мельниченко отбасы Ресейдің ең бай адамдарының тізімінде 20,4 млрд доллар байлығымен 8-орында тұр
Компания Түркістан облысының Созақ ауданындағы «Герес» кен орнында фосфорид өндіреді. Жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарты 2035 жылға дейін жасалған.