Шағым көп: Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерді тексеріп жатыр

2026 жылы Алматы қаласында 300-дей көппәтерлі тұрғын үй тексеріледі. Өйткені мегаполисте көпқабатты үйлердің тозғаны туралы арыз-шағым көбейіп кетті.
Қазір Алматыда 9,6 мың пәтерлі тұрғын үй бар. Қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Жандос Қайырхановтың айтуынша, соларды 2,5 мыңнан астам нысан – МИБ, ПИК мен басқарушы компаниялар басқарады.
«Былтыр 265 тексеріс жүргізіліп, 66 әкімшілік хаттама толтырылып, 37 нысан 10 млн теңгеден астам сомаға жауапқа тартылған», – дейді мекеме өкілі.
Қала тұрғындары жиі шағымданатын болған.
«Тұрғын үйдің тозуына байланысты көп өтініш түсті. Уақытылы күрделі жөндеу жасамаған, құрылым мен инженерлік жүйелер ескірген, осының бәрі айналып келіп үлкен мәселеге болып отыр», – дейді Қайырханов.
Алматыда 2011 жылдан бері 1,3 мыңнан астам үйге күрделі жөндеу жүргізіп, 2,3 мыңнан астам жеделсаты (лифт) ауысқан. Биыл тағы 100 үй жөнделіп, 45 жеделсаты ауыстырылады.
Бұған дейін Kursiv.Media «Наурыз» бағдарламасы тұйыққа тірелгені, жолдама алғандар пәтер таппай сабылып жүргені туралы жазған.