Теңіз кен орны операторына 53,7 млн теңге айыппұл салынды

Теңіз кен орнын игеріп жатқан оператор – «Теңізшевройл» компаниясы экология заңнамасын бұзғаны үшін 53,7 млн теңге айыппұл арқалады.
Атырау облысы бойынша Экология департаментінің хабарлауынша, компания қоршаған ортаға заңмен бекітілген нормадан көп зиянды қалдық шығарған.
«Теңізшевройл» ЖШС-іне қатысты әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғалып, Жылыой аудандық сотына жолданды. Сот компанияны кінәлі деп танып, оған 53,7 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Айта кетейік, 2025 жылы компания экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 630 млн теңге көлемінде ірі айыппұл төлеген болатын.
Теңіз кен орны – әлемдегі ең терең, ірі мұнай кен орындарының бірі. Ол 1979 жылы ашылып, пайдалануға 1991 жылы берілген.
Теңіз кен орнын игеріп отырған оператор – «Теңізшевройл» серіктестігінің құрамына бірнеше ірі компания кіреді. Жобадағы негізгі үлес (50%) Chevron компаниясына тиесілі.
ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc үлесі 25 пайызды құрайды. Қазақстан тарапы кен орнына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы қатысып, 20 пайыздық үлеске иелік етеді. Ал жобаның қалған 5 пайызы «ЛУКОЙЛ» компаниясына тиесілі.
Бұған дейін мұнай өндіретін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы 2 млрд теңге айыппұл төлегенін жазған едік.