Трампқа оқ атқан күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Трампқа оқ атқан күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Трампқа оқ атқан күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін/ Фото @realDonaldTrump

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ақ үй тілшілері жиналған кешкі аста оқ атқан күдіктіге айып тағылды.

Fox News жазуынша, 31 жастағы Коул Алленге АҚШ президентінің өміріне қастандық жасау әрекеті, атыс қаруын қолдану және атыс қаруын штат шекарасы арқылы тасымалдау айыптары тағылып отыр.

Ол өз кінәсін мойындаған жоқ.

«Бұл Америка Құрама Штаттарының президентіне жасалған қастандық болды және айыпталушы өз ниетінің қандай болғанын анық білдірді», – деп мәлімдеді АҚШ прокуроры Джанин Пирро.

Сот күдіктіні қамауда қалдырды. Алдын ала сот тыңдауы 11 мамырға белгіленді.

Кісі өлтіруге оқталу айыбы бойынша кінәлі деп танылған жағдайда Коул Алленге өмір бойына бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Ал қалған екі айып бойынша федералды түрмеде 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқиға қалай болды?

25 сәуірде Аллен Washington Hilton қонақ үйінің банкет залына кіре берісте оқ жаудырды. Ол мылтық, тапанша және пышақтармен қаруланып, күзет қоршауын бұзып өткен.

Атыс кезінде Құпия қызметтің бір агенті жараланды, оны оқ өтпейтін кеудеше құтқарып қалды. Шабуылшыны полиция ұстады.

Сол сәтте залда 2300 адам болған. Күзет қызметі Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнсті дереу қауіпсіз жерге алып кетті. Бір сағаттан соң Трамп хаттамаға сәйкес шараның тоқтатылатынын және оның 30 күнге шегерілгенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз