Вице-министр ЖИ жіберген қате үшін кім жауап беретінін айтты

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
ЖИ жіберген қателіктерге кім жауапты
ЖИ жіберген қателіктерге кім жауапты/ Фото: kursiv.media архиві

Үкіметте өткен брифингте Жасанды интеллект бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин ЖИ жіберген қателіктердің барлығына адамның өзі ғана жауапты екенін айтты.

«Жасанды интеллект туралы заңда жасанды интеллектің субъектілік қасиеті жоқ екенін нақты жазылған. Яғни шешімді кез келген жағдайда адам қабылдайды. Жасанды интеллект құралдарын пайдаланатын адам сол шешімді қабылдаған тұлға ретінде тиісті жауапкершілікті де өз мойнына алады», –  деді ол.

Қазір ЖИ барлық салада кеңінен пайдаланылып келеді. Дегенмен жауапкершілікті көп талап ететін медицина саласына ЖИ-ді енгізу қалай болмақ? Бұл туралы вице министр былай дейді:

«ЖИ-ді түрлі салаларға енгізу барысында денсаулық сақтау сияқты өте сезімтал салалар бар екенін түсінеміз. Бұл жерде кез келген жағдайда адамның қатысуы міндетті. Ал ақпараттың маңыздылығы төмендеу басқа салаларда, ерте ме, кеш пе, автоматты жауаптар жүйесіне толық көшуіміз мүмкін».

Оның айтуынша, қандай да бір сұраныстарға жауап беру үшін ЖИ қолданылса да, түпкілікті шешімді бәрібір адам қабылдайды және тиісті құжатқа немесе жауапқа сол адам қол қояды.

Бұған дейін Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев инсультті 5 минутта анықтайтын ЖИ жүйесі енгізілгенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз