40 жасқа толған әскери қызметшілерге әр 5 жыл сайын сыйақы беріледі

Қазақстанда әскери қызметшілерге берілетін төлем ережелері жаңартылды. Бала туу, некеге тұру, емделу немесе мүліктік шығын кезінде 255 мың теңгеге дейін, ал күрделі жағдайларда 425 мың теңгеге дейін көмек қарастырылған. Сонымен қатар әскери қызметшілерге 40 жасқа толғанда және одан кейін әр бес жыл сайын сыйақы тағайындау тәртібі енгізілді.
Әскери қызметшілер үшін материалдық көмек пен сыйақы төлеу тәртібі өзгерді. Енді төлемдер ең төменгі жалақыға байланысты есептеледі, соның нәтижесінде мөлшері де нақты көрсетіледі.
«Егер әскери қызметшінің баласы дүниеге келсе, ол некеге тұрса, бала асырап алса, ем қабылдап жатса немесе мүліктік шығынға тап болса, 255 мың теңгеге дейін материалдық көмек ала алады», – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.
Ауыр жағдайларда, яғни жақын туысы немесе жұбайы қайтыс болған кезде, төлем 425 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Сыйақы беру тәртібі
Сондай-ақ сыйақы беру тәртібі де жаңартылды.
«Әскери қызметшілер сыйақыны мерейтойлық жасқа толғанда ала алады, алғашқысы – 40 жас, одан кейін әр бес жыл сайын. Бұдан бөлек, сыйақылар маңызды тапсырмаларды орындағаны, қызметтегі жоғары нәтижелері, міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін, сондай-ақ мемлекеттік және кәсіби мерекелерге орай тағайындалуы мүмкін», – деп түсіндірді ведомство.
Теріс себептермен жұмыстан босатылған қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысы толық айға емес, нақты жұмыс істеген күндер санына қарай төленеді.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 21 сәуірден бастап күшіне енді.
Еске салайық, осыған дейін Конституциялық сот әскери қызметшілерге ақшалай қамтамасыз ету төлемдерін бұйрықпен шектеу Конституцияға сай емес деп таныған болатын.