«Болашақ» стипендианттарының шәкіртақысы 10–15%-ға көтерілуі мүмкін
Болашақ халықаралық бағдарламалар орталығы төрағасының орынбасары Абай Рахмет «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысын көбейту мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Ол «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттерге берілетін шәкіртақы соңғы 15 жылдан астам уақыт бойы көтерілмегенін еске салды.
«Алайда әлем бойынша инфляция өсіп жатыр, әрі кейбір жағдайларда біздің стипендиаттар отбасымен бірге баратынын көріп отырмыз. Кейбір елдерде берілетін шәкіртақы жеткіліксіз болып жатады. (…) Оны көтеру мәселесі қарастырылуда, бұл бойынша нақты шешім келесі жылға қарай белгілі болады. Шәкіртақы мөлшері елге және қалаға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, Нью-Йоркте ол жоғары – шамамен 2,2 мың доллар. Басқа штаттарда төмен», – деді спикер үкіметтегі брифнгте.
Сондай-ақ ол шәкіртақыны арттыруға қажетті қаржы көздері қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Стипендия алатындар санын қысқартып, үнемделген қаражатты қалған студенттердің шәкіртақысын көбейтуге бағыттау қарастырылуда», – деді ол.
Абай Рахметтің айтуынша, стипендия мөлшерін арттыру 10–15% аралығында болуы мүмкін.
Осыған дейін, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шәкіртақы мөлшеріне байланысты тәуелсіз аудит жүргізіліп жатқанын айтқан еді.