Chery мен Land Rover сериялық Freelander 8 моделін таныстырды

Chery мен Jaguar Land Rover бірлескен бренді жаңа Freelander 8 кроссоверінің сериялық нұсқасын таныстырды. Жаңа модель Бейжің автосалонында алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Автокөлік 2026 жылдың екінші жартысында нарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Chinaevhome хабарлады.
Дизайны
Жаңа «Фрилендер» дизайны Concept 97 концептіне көібірек ұқсайды. Автокөлік төртбұрышты дизайнымен, алдыңғы бөлігіндегі жабық панелімен және түзу сызықты шанағымен көзге түседі. Алдыңғы жағында тікбұрышты фаралар, артқы бөлігінде тік орналасқан шамдары мен артқы пішіні де ерекше дизайнға ие.

Бұдан бөлек кеңейтілген доңғалақ доғалары, жартылай жасырылған есік тұтқалары және төбедегі рейлингтер де көліктің ерекше дизайнда жасалғанын аңғартады.
Платформа және технологиялар
Модель жаңа iMax платформасында құрастырылған және бірден үш түрлі күштік қондырғымен ұсынылады: толық электрлі нұсқа, жүріс қоры кеңейтілген гибрид және қосылатын гибрид.

Carscoops дерегіне сәйкес, барлық нұсқалар 800 вольттық архитектурамен және жылдам қуаттау мүмкіндігімен жабдықталады. Сондай-ақ жоғары дәлдіктегі лидары бар Huawei компаниясының автономды жүргізу жүйесі ұсынылады.
Freelander 8 қандай көліктерге бәсекелес бола алады
Freelander 8 шамамен 44–59 мың доллар (шамамен 20–27 млн теңге) тұратын қымбат «жаңа энергия көліктері» сегментіне бағытталған. Көлемі жағынан жаңа модель Land Rover Defender 110-нан да үлкен, бұл оған ірі премиум жол талғамайтын көліктер сегментінде бәсекелес болуға мүмкіндік береді. Негізгі қарсыластары – қытай брендтерінің бір сыныптағы модельдері және жаңа буындағы гибридті жол талғамайтын көліктер.
Алдағы бес жылда Chery мен JLR бірлескен бренді әртүрлі күштік қондырғылары бар алты модель шығаруды және жаһандық нарықтарға шығуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан автонарығына қытайлық көліктің тағы бір жаңа бренді кіреді. Orbis Auto тобы Chery Holding Group концерніне кіретін жаңа халықаралық Lepas бренді іске қосылатынын хабарлады.