Алматыда 3 адам зейнеткерді ұрлап, баспанасын тартып алмақ болған

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Алматыда 3 адам зейнеткерді ұрлап, баспанасын тартып алмақ болған / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда полицейлер пәтерін иемденбек болып, ұрлап әкеткен және еріксіз ұстаған 81 жастағы ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Зейнеткердің танысы дабыл қағып, ер адам байланысқа шықпай қалғанда полицияға жүгінген. Жедел уәкілдер бірден іздестіру жұмыстарына кірісті.

Қария қала маңындағы ауылдардың бірінен табылды. Ол жергілікті тұрғындардың үйінде болған. Адам ұрлады деген күдікпен үш адам ұсталды: екі ер адам және бір әйел.

Полицияның мәліметінше, қаскөйлер зейнеткердің сенімі мен дәрменсіз күйін пайдаланған. Ер адамды заңсыз ұстап, жылжымайтын мүлікті өздеріне қайта жаздыруға көндірген.

Адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Азаматтардың уақтылы жүгінуі мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылының арқасында ауыр зардаптардың алдын алуға және зейнеткердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік туды», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын және қатысушылардың әрқайсысының рөлін анықтап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз