Чехия Қазақстаннан мұнай тасымалдығысы келеді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Ақорда
фото: Ақорда

Бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Чех үкіметінің жетекшісі Қазақстаннан мұнай тасымалдығысы келетін ниетін жеткізді.

«Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз», – деді Чехия премьер-министрі.

«Шенген визасын жеңілдетуге көмектесеміз»

Бұдан бөлек Андрей Бабиш Еуропалық Одақпен виза мәселесін шешуге де көмектесуге уәде берді.

«Премьер-министр Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді», – деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.

Бұдан бөлек екі тарап өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергиясы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Өз кезегінде Тоқаев қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіруді көздейтін бірегей жобаға атсалысқаны үшін алғыс айтты. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Чехия премьер-министрін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Ақорда
фото: Ақорда

Кездесу соңында Бабиш Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға сапармен келуге шақырды.

Чехия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі. 2025 жыл екі ел арасындағы тауар айналымы 13%-ға артып, 705 млн доллар болды. Чехиядан келген тікелей инвестициялар 39% өсіп, 59 млн долларға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз