Еуропада нақты келісімсіз жыныстық қатынас зорлау деп танылуы мүмкін

Еуропалық Парламент ЕуроОдақтың барлық аумағында «зорлау» ұғымына ортақ анықтама беруді көздейтін резолюция қабылдады. Euronews хабарлауынша, құжатта келісімсіз жасалған кез келген сексуалдық әрекет қылмыс деп есептелуге тиіс екені айтылған.
Резолюция «тек нақты, анық білдірілген келісім ғана жарамды» деген принципке негізделген. Құжатта бірнеше жайттар ерекше атап көрсетілген.
Үнсіз қалу, қарсылық көрсетпеу немесе тікелей бас тартпау – келісім белгісі болып саналмайды. Бұрынғы жыныстық қатынастар, некеде тұру немесе алдын ала берілген келісім – дәл қазіргі сәттегі актіге автоматты түрде рұқсат бермейді.
Осылайша, Еуропарламент Испанияда 2022 жылдан бері қолданылып келе жатқан «Тек «иә» деген сөз ғана келісімді білдіреді» тәсілін бүкіл Одаққа енгізуді ұсынып отыр.
Қазіргі жағдай қандай?
Бүгінде ЕО-ға мүше 27 елдің 17-сінде «келісімнің болмауы» зорлау қылмысының негізгі белгісі ретінде заңда бекітілген. Алайда бірқатар елдерде заң әлі де ескірген тәсілдерге сүйенеді.
Эстония мен Латвияда қылмыс ретінде тану үшін күш қолдану немесе қорқыту фактісі дәлелденуі керек.
Резолюцияны 447 депутат қолдап, 160-ы қарсы шықты. Соған қарамастан, бұл норма әлі толық заңды күшіне енген жоқ.
Франция бастаған бірнеше ел қылмыстық құқық — әр мемлекеттің ішкі құзыретінде қалуы керек деп есептейді. Енді Еуропалық комиссия арнайы заң жобасын дайындап, оны барлық мүше елдермен келісуі тиіс. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс болуы мүмкін.
ЕуроОдақтың негізгі құқықтар жөніндегі агенттігінің мәліметінше, Еуропадағы әйелдердің шамамен 5%-ы 15 жастан кейін зорлық-зомбылыққа тап болған.