Мұғалімдерді жиындарға мәжбүрлеп қатыстыруға жаза қарастырылған – Аймағамбетов

Депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді мәжбүрлеп жиындарға қатыстыруға жаза қарастырылғанын айтты.
Оның айтуынша, бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлетеді.
«Қазіргі уақытта мұғалім қандай да бір жиындарға, іс-шараларға өз шешімімен барады. Егер мәжбүрлер апарса, сабақтың үстінен алып кетсе, нақты жауапкершілік те, айыппұл да бар», – деді ол.
Оны сөзіне қарағанда, бұл үшін заңды тұлғалар да, жеке азаматтар да жауапкершілікке тартылады.
«Мұндай ұсақ-түйек нәрсемен полицияға барудың өзі оңай емес. Олардың да жұмысы шаш етектен. Сондықтан педагогтардың мәртебесі туралы заңды қабылдаған кезде – 2019 жылы біз мынадай шешім қабылдадық. Егер мұғалімнің құқығын бұзатын болса, ол полицияға емес, министрліктегі арнайы сапаны қамтамасыз ету комитетіне жүгінеді», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл комитеттің әр өңірде департаменттері бар. Олар бірден әкімшілік жауапкершілік тартады.
Депутат мұғалімдердің құқығының сақталуы ұстаздардың белсенділігіне байланысты екенін де жеткізді.
«Бір адамды жауапкершілікке тарту үшін екінші бір адамның шағымы болуы тиіс. Азаматтың өзі шағымданбаса, министрлік, комитет, полиция немесе прокуратура қалай жауапкершілікке тарта алады? Ұстаздардың құқығы тапталып жатса, оны қорғауға заң шығарушы орган нақты мүмкіндік берді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзіне қарағанда, ендігі мәселе – осы мүмкіндікті қолдануда.
Мұның алдында Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің мектеп бітіру кешінде тойхана күзетіп жүргеніне наразылық білдірген еді.