Тағы 17 мың адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін

Қылмыстық істер бойынша амнистия 17 мың адамға әсер етуі мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Снежанна Имашева айтты деп хабарлады inform.kz.
Депутаттың сөзінше, қазір қажетті заң жобалары әзірленіп жатыр. Оның ішінде әкімшілік рақымшылық арқылы мемлекеттік органдар салған айыппұлдарды кешіру мүмкіндігі де қарастырылады.
«Айыппұлдың 600-ден астам түрі бар. Ішінде қайсысы тізімге енетінін талқылап жатырмыз. Бірақ экология, санитарлық қауіпсіздікке қатысты құқық бұзушылықтар кірмейді», – деді Имашева Мәжіліс кулуарында.
Алайда депутат қандай көлемдегі айыппұлдар кешірілетінін айта алмады.
Сөзінше, бастапқыда әйелдер мен зейнеткерлер, жеке санаттағы азаматтардың айыппұлын толық кешіру форматы қарастырылған. Кейіннен жұмыс бағыты өзгерген. Ал қылмыстық істер бойынша рақымшылық бұған дейінгі шараларға ұқсас болады.
«Қылмыстық рақымшылыққа ауырлығы төмен және орташа қылмыстар ілігеді. Бұл шамамен 17 мың адамды қамтиды», – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Ринат Зайытов ішімдік ішіп, көлік рөліне отырғандарға рақымшылық жасау қажет деп санайтынын айтты. Ал депутат Бақытжан Базарбек жүргізуші куәлігінен айырылғандардың әкімшілік амнистияға ілігуіне қарсы шыққан.
Алғаш рет әкімшілік істерге рақымшылық жасалады
2025 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылды, ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар. 11 мыңнан астам сотталушының жаза мерзімі қысқарды.
Осыдан кейін алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатыны айтылды.