TIME ЖИ саласындағы ең ықпалды компаниялар тізімін жасады

TIME басылымы «TIME100 Companies: Industry Leaders» рейтингін жариялап, жасанды интеллект нарығындағы 10 негізгі ойыншыны таңдады.
Тізімнің көш басында TikTok иесі ретінде танымал ByteDance компаниясы тұр. Платформа шығарған Doubao ассистентін аптасына 155 миллионнан астам адам қолданады. Осы үшін де ЖИ алпауыты атанған.
Екінші орында «Project Rainier» атты ауқымды инфрақұрылымы мен жеке чиптерін шығарғаны үшін Amazon орналасты. Қытайлық Zhipu компаниясы батыстық технологияларға сүйенбей, 744 миллиард параметрі бар GLM-5 моделін жасап шығып, үштікті қорытындылаған.
Бұдан бөлек тізімде ChatGPT сервисімен аптасына 900 миллион пайдаланушы жинаған OpenAI мен Alphabet (Google) компаниясы бар. Сондай-ақ Claude моделін шығарған Anthropic, Alibaba және Hugging Face платформасы да рейтингке кірген.
Жасанды интеллект нарығын дамытуға Қазақстан да ерекше көңіл бөліп жатыр. Былтырғы есеп бойынша, елге ІТ қызмет экспортынан түскен қаржы миллиард долларға жетті.