Медициналық жоғары оқу орындарында білім беру мерзімін ұзарту ұсынылды

Елде медициналық білім берудің мерзімін 7 жылдық модельге көшіру ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәжілісте педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау барысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Аймағамбетов дәрігерлерді даярлау мерзімін ұлғайтып, оқытудың практикалық бөлігін күшейту керек деп санайды.
«Соңғы реформаға сәйкес, студенттердің оқу мерзімі 6 жылды құрайды. Одан кейін 6 айға созылатын интернатура кезеңі бар, онда студент стационар жағдайында нақты заңды мәртебесі болмай, медициналық ақпараттық жүйелерді пайдалана алмайды. Сондай-ақ, емдеу шараларына тікелей қатыса алмай, тек бақылаушы ретінде ғана жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, білім алушылар өз бетімен қалып отыр», – деді депутат.
Оның айтуынша, 6 жылдық оқуын аяқтаған түлектер бірден жұмысқа орналаса алмайды, ебебі резидентурадан өту барлығына міндетті талап болып саналады. Ал резидентураның ұзақтығы 2 жылдан 4 жылға дейін созылады, әрі мемлекеттік гранттар саны шектеулі. Сондықтан оқу көбіне ақылы негізде өтеді.
Осы орайда депутат дәрігерлерді даярлаудың 7 жылдық моделіне көшу ұсынылып отырғанын айтты.
«Бағдарлама университетте 6 жыл теориялық дайындықты және медициналық ұйымдар базасында 1 жыл толыққанды практикалық интернатураны қамтитын болады», – деді депутат.
Айта кетейік, бүгін, 29 сәуірде мәжіліс депутаттары «Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері» жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда қарады. Онда оқушыларға мектепте смартфон қолдануға тыйым салу туралы мәселе қамтылған.