Мектепте телефон ұстауға толық тыйым салына ма – депутаттар заң жобасын қарады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media архиві

Енді оқушыларға мектепте смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Соңғы шешімді Оқу-ағарту министрлігі қабылдайды.

Мәжіліс депутаттары «Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері» жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда қарады. Құжат орта білім беру ұйымдарында ұялы телефонды пайдалану бойынша бірыңғай ережелерді бекітуді ұсынады.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда әр мектеп смартфондарды қолдану тәртібін өз бетінше белгілейді. Депутаттар барлық оқу орындары үшін ортақ ереже енгізуді және мобильді құрылғыларды қолдану туралы шешімді Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынды.

«Бірыңғай ережелер жоқ. Іс жүзінде бұл көптеген мектеп директорларының нақты шешім қабылдаудан бас тартуына себеп болып отыр. Себебі олар ата-аналармен пікірталастардан, шағымдардан қорқады. Нәтижесінде бір мектепте телефондарға тыйым салынса, көрші мектепте рұқсат етіледі. Біз бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынамыз. Министрлік барлық мектептерде қолданылатын бірыңғай саясатты айқындайды. Ол жалпыға ортақ әрі баршаға түсінікті болады», – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, заң жобасында мынадай ұсыныстар бар:

  • педагогтардың оқушылар үшін жауапкершілігін тек оқу пероцессі кезінде ғана айқындау;
  • мұғалімдердің бір мезетте қағаз және электронды форматта есеп жүргізуіне жол бермеу;
  • ата-аналардың балалардың өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін кеңейту.

Аталған заң жобасы екінші оқылымда тағы қаралып, одан кейін Сенат қарауына жіберіледі.

Еске салайық, заң жобасында сабақтан тыс уақытта оқушы өміріне ата-ана ғана жауапты болатыны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз