Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий ашылды

30 сәуірде Алматы қаласында Қазақстандағы тұңғыш крематорий ашылды. Алатау ауданына қарасты Алғабас ықшамауданында жаңа зираттың маңында бой көтерген нысанды «Қалалық патологоанатомиялық бюроның» директоры Ардақ Әлішев таныстырып, мекеменің техникалық мүмкіндіктері мен жұмыс тәртібіне тоқталды.
Нысанның құрылысы туралы шешім 2020 жылы қабылданғанымен, инженерлік желілерді, соның ішінде газ жүйесін тарту жұмыстарына байланысты іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.
Кремация процесі қалай өтеді?
Мекеме Чехиядан әкелінген екі заманауи пешпен жабдықталған. Пештерді жұмыс режиміне келтіру үшін оларды 35 сағат бойы қыздыру қажет, ал кремация процесі 800-ден 1000 градусқа дейінгі температурада жүреді. Бір мәйітті өртеу процесі орташа есеппен екі сағатқа созылады. Мәйітті өртейтін арнайы операторлар Новосибирск қаласындағы тәжірибелі мамандардан білім алған.

Жұмыс барысы қатаң бақыланады. Алдымен дене салынған табыт пешке орналастырылып, температуралық режим сақталады. Жану процесі толық аяқталған соң, қалдықтар суытылып, кремулятор деп аталатын аппаратта ұнтақталады. Мамандар әрбір марқұмның күлін жеке ыдысқа салып, араласып кетпеуін қатаң қадағалайды.
Айта кетерлігі, кремация процедурасы ерікті түрде жүзеге асырылады, оның құны 240 мың теңге деп белгіленген.

Заң бойынша, кремациядан кейін марқұмның күлі туыстарына қайтарылады. Алайда Қазақстан заңнамасында күлді табиғатқа немесе желге ұшырып шашуға рұқсат етілмейтінін есте сақтаған жөн.
Қазақстандағы алғашқы крематорийдің ашылуы бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілді. Соңғы рет қала әкімдігі мекеме қызметкерлерін оқуға жіберіп, сәуір соңында ашылады деп хабарлаған еді.