Алматының ауасын негізінен автокөлік газы ластайды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Valeri Luzina / shutterstock
фото: Valeri Luzina / shutterstock

Алматы қаласында ауаның ластануындағы автокөліктің үлесі шамамен 60%-ға жеткен. Қала көшелеріндегі көліктер жылына 113 мың тоннаға жуық зиянды газ бөледі.

Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Жалпы агломерация бойынша шығарындылар көлемі 225 мың тонна деп бағаланады. Оның 189 мың тоннасы тікелей қала аумағына тиесілі.

«Ластанудың екінші ірі көзі – энергетика саласы. Үлесі шамамен 24%-ға жетеді. Одан кейін жалпы ластанудың 16%-ы бизнес нысандары мен жеке секторға тиесілі», – деді  Серік Әділбаев.

Оның айтуынша, шығарындыларды азайтудың негізгі шараларының бірі – табиғи газ құбырын тарту. Қазіргі таңда жеке секторды газдандыру деңгейі 99,6%-ға жетті.

Сонымен қатар, ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті табиғи газға көшіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл 2027 жылға қарай шығарындыларды 92%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жылына 50 мың тоннадан шамамен 4 мың тоннаға дейін азайтады.

Айта кететін жайт, ауа сапасын бақылаушы IQAir швейцариялық ұйым мамандары әлемнің 138 еліндегі 40 мыңнан аса станция мәліметін тексеріп, Алматыны ауасы лас қалалардың қатарына жатқызған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз