Жаңалықтар

Аптап ыстық пен үсік: мамырда ауа райы қандай болады

ауа райы көктем
Аптап ыстық пен үсік: мамырда ауа райы қандай болады / фото: shutterstock

«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстандағы мамыр айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Ақпаратқа сүйенсек, елдің басым бөлігінде күн жылы, кей кездерде жазғыдай ыстық болса, солтүстік пен солтүстік-шығыс үсік жүреді.

Мамырдың басында еліміздің барлық аймағында ауа райы құбылмалы болады: жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты нөсер болады, найзағай ойнап, бұршақ жаууы және екпінді жел соғуы мүмкін. Айдың бірінші онкүндігінің басында (1-10 мамыр аралығында) батыс, солтүстік және шығыс аймақтарда үсік жүруі ықтимал.

Алғашқы 10 күнде синоптиктер ауа температурасының мынадай ауытқуларын болжайды:

  • батыста түнде – +2…+10 градус, күндіз – +12…+32 градус;
  • солтүстікте және солтүстік-шығыста түнде – +3…+8 градус, күндіз – +13…+31 градус;
  • орталықта, шығыста түнде – +3…+15 градус, күндіз – +20…+33 градус;
  • оңтүстікте түнде – +8…+20 градус, күндіз – +18…+33 градус.

Мамырдың екінші және үшінші он күндігінде еліміздің батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлерінде ең ыстық күндері ауа температурасы күндіз +33…+41 градусқа дейін, ал Қазақстанның оңтүстігінде +44 градусқа дейін көтеріледі. Салқын күндері термометр бағандары түнде +3…+10 градусты, күндіз +18…+25 градусты көрсетеді.

Солтүстікте және шығыста ауа температурасының ауытқуы түнде – +2…+9 градус, жекелеген аудандарда топырақ бетінде – +1…+18 градус, күндіз +16…+33 градус болады деп болжануда.