Ақмола облысында кәріз құдығында екі жұмысшы бумен уланды

Ақмола облысы Есіл ауданында кәріз құдығында жұмыс істеуге келген екі жұмысшы бумен уланып, аудандық ауруханаға түскен.
Аудандық әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, зардап шеккендердің екеуі де «Есіл қалалық коммуналдық шаруашылығы» ШЖҚ-дағы МКК қызметкерлері, алайда олар кәріз люгіндегі жұмысты кәсіпорынға тиесілі емес учаскеде орындаған.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақтылағандай, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты.
«Есіл аудандық ауруханасының терапия бөлімінде 34 жастағы емделуші «Газдардың, түтіндердің және булардың токсикологиялық әсері» диагнозымен жатыр. Қарқынды терапия палатасында 2003 жылы туған емделуші де дәл осындай диагнозбен жатыр. Ер адам есін біледі. Екі науқастың да жағдайы тұрақты», – деп түсіндірді ведомстводан.
Сонымен қатар, өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте құтқарушылар 24 метрлік құдыққа түсіп кеткен екі жасар қызды құтқарған еді.