Блогерге Елтаңбаны қоқыстан тауып үйіне іліп қойғаны үшін айыппұл салынған ба

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Елтаңбаны қоқыстан тауып үйіне іліп қойған блогерге айыппұл салынды
Блогерге айыппұл салынды/фото: t.me/qumash_kz

Блогер Данияр Бейісқали Жетісу облысында қоқыс тастайтын жерден Елтаңбаны тауып алып, үйіне әкелген. Облыстық полиция департаменті азаматтың мемлекеттік рәмізді қорлайтын іс-әрекеттерін анықтаған.

Оқиға қалай болды?

Жетісу облысы Жансүгіров ауылының тұрғыны, блогер Данияр Бейісқали осыдан төрт жыл бұрын қоқыс арасынан мемлекеттік Елтаңбаны тауып алған.

Полиция департаментінің мәліметінше, азамат мемлекеттік рәмізді әдепсіз түрде суретке түсіріп, рәмізді бұрмалап пайдалану элементтері бар бейнелер жариялаған.

«Уәкілетті органның ұсынысы бойынша аталған іс-әрекеттерге құқықтық баға берілді. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, бұл әрекеттер мемлекеттік рәміздерді қорлау, оны пайдалану тәртібін бұзу ретінде сараланады және жауапкершілікке әкеп соғады», – деп хабарлады полиция.

фото: Жетісу облысы полиция департаменті

Осы дерек бойынша азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ішкі істер министрлігі сот шешімін қолдады

Вице-министр Санжар Әділов сот шешімі заңды екенін айтты.

«Бұл фактіге нақты құқықтық баға берілді. Конституцияға сәйкес, біз мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндеттіміз. Сондықтан соттың берген бағасы әбден дұрыс», – деді вице-министр.

Жетісу облыстық Полиция департаменті мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын ескертті. Рәміздерді қолдану тәртібі заңнамамен қатаң белгіленгенін және оны бейберекет пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.

Бұған дейін Ақтөбе облысында домбыраны «харам» деп атаған ер адамға қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз