Маңғыстау облысында емші науқасты тамағынан қысып өлтіріп қойды

Маңғыстау облысында емші халық емімен емделуге келген науқасты тамағынан қысып өлтіріп қойды.
Lada.kz ақпартына қарағанда, іс бойынша үкім қайта қаралды. «Емдеу» сеансын емханада жұмыс істейтін медбике жүргізген. Апелляциялық алқа бұрынғы үкімді тым қатаң деп тауып, жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстырды.
Мұнайлы аудандық соты 19 наурызда Мұнайлы ауданының тұрғыны Б.-ны абайсызда адам өліміне әкелу (ҚР ҚК 104-бабы 1-бөлігі) бойынша кінәлі деп таныды. 49 жастағы әйел Актау қаласындағы №1 емханада медбике болып жұмыс істеген, тиісті білімі мен лицензиясы болмаса да үйінде «халық емі» қызметін көрсеткен.
Сот мәліметінше, 2025 жылғы 26 қараша күні шамамен сағат 20:30-да үйінде науқасты «емдеу» барысында оның тамағын қолымен қысып жіберген. Соның салдарынан ер адам сол жерде көз жұмған.
Бірінші сатыдағы сот әйелді 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Алайда оның кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, түрмеде жазаны өтеуін кейінге қалдырылған.
Қорғаушылар шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Олар сотталған адам кінәсін толық мойындағанын, жәбірленуші тарап оны кешіргенін алға тартып, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыс жеңіл санатқа жатқызылып, бап санкциясында балама жазалар қарастырылғаны атап өтілді.
Апелляциялық инстанция үкімді өзгертіп, әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу (шартты түрде) жазасын тағайындады.
Айта кететін жайт, Шымкентте адамдарды билетіп емдейтін емші «жындыханаға» жабылған еді.