Қазақстанда азаматтық ұлт моделін қалыптастыру қаншалықты өзекті әрі мүмкін

Жарияланды
фото: shutterstock

«Ұлт» деп бір қаннан тарағандарды атаймыз ба, әлде ортақ құндылыққа біріккендерді ме? Соңғы жылдары ғылыми ортада «этникалық ұлт» пен «азаматтық ұлт» модельдері төңірегіндегі талқы жиіледі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында әлеуметтік зерттеуші Ғалым Жүсіпбекпен ұлт құру модельдері, Қазақстанда азаматтық ұлт құру мүмкіндіктері туралы сөйлесіп көрдік.

Аз-кем анықтама

Ұлт ұғымы

Ұлт ұғымына анықтама беру үшін оны түсіндіретін теорияларға жүгіну керек. Ол теориялар ұлтты екі модель негізінде айшықтайды.

Алғашқысы – этникалық ұлт. Мұны примордиалистік (эссенциалистік деп те аталады) мектеп өкілдері ұстанады. Оған сай, ұлт – адамның биологиялық тегіне, қанына және туғаннан берілетін этникалық ерекшеліктеріне негізделген табиғи, ежелден келе жатқан, өзгермейтін құбылыс. Яғни аталған теория адам белгілі бір ұлттың өкілі болып туады әрі ол адам болмысының ажырамас бөлігін құрайды деп санайды. Ұлттың осы түсіндірмесі посткеңестік, соның ішінде Қазақстанда кеңінен таралған.

Екінші ұғым – азаматтық ұлт немесе саяси ұлт. Мұндай теорияны модернизм (конструктивизм) мектебінің өкілдері ұсынған. Азаматтық ұлт – этникалық тегіне, нәсіліне немесе дініне қарамастан, ортақ аумақта тұратын әрі бірдей құндылықтар мен заңдарға бағынатын адамдардың қауымдастығы. Бұл теорияда белгілі бір мемлекеттің барлық азаматы сол елдің ұлтын құрайды. Ұлт пен азаматтық пара-пар ұғымдар. Азаматтық ұлт моделі Батыс Еуропа мен АҚШ, Канада сияқты мемлекеттерге тән. Сондықтан да батыс адамдары үшін көк паспорттың кез келген иесі, оның ішінде Геннадий Головкин де, Димаш Құдайберген де, Михаил Шайдоров та, Елена Рыбакина да – қазақ.

Азаматтық ұлт моделі неге ықпалды бағытқа айналды?

Эрнест Геллнер, Бенедикт Андерсон, Энтони Смит, Юрген Хабермас секілді әлеуметтік теория ғалымдарының ойларынан ұлт ұғымының азаматтық моделі демократия және жаһандану үрдістерімен қатар жүретінін аңғаруға болады. Оған сай, мемлекет тек бір этникалық топтың мүддесін қорғаса, ол ішкі қақтығыстарға немесе сепаратизмге әкеліп соғуы мүмкін. Ал барлық азаматқа ортақ құндылықты басшылыққа алатын азаматтық ұлт моделі күллі этносты бір «саяси шаңырақ» астына біріктіруге мүмкіндік береді. Оның үстіне қандай да бір мемлекетте тұратын этностар сол мемлекеттік мәдениетін, заңын қабылдаған болса, оларды «бөтен» деу мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді, сондықтан оларды азаматтық ұлтқа біріктіру тиімдірек.

фото: TEDxAstana Salon

Бейбітшілік пен ұлт моделін құру арасында байланыс

Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек кейінгі бір-екі ғасырдағы оқиғалар бейбітшілік пен ұлт моделін құру арасында тікелей байланыс барын көрсеткенін айтады.

“Өткен бір-екі ғасырда адамзат тарихында көптеген соғыстар, қырғындар, қылмыстар болды. Олардың негізгі себептерінің бірі – ұлтшылдықты түсіну модельдеріне келіп тіреледі. Этникалық, діни, нәсілдік тұрғыда жорамалданған ұлт модельдері көптеген қырғынға әкелді. І дүниежүзілік соғыс пен ІІ дүниежүзілік соғыстың шығу себептері арасында этностыққа, нәсілшілдікке негізделген ұлт модельдерінің мысалы көп. Муссолини италия ұлтын ең ақылды, мықты десе, Гитлер неміс ұлтын арий нәсілі деп атады. Осыдан шыққан соғыстар бізге көп нәрсені аңғартады.

Қазіргі Түркия мен Грекияның құрылу тарихына қарасақ, ол жерден де тар мағынадағы саяси емес, азаматтық емес ұлт модельдері басым болғанын көреміз. Сол кезде тіліне, этникалық шығу тегіне қарамай, Грекиядағы мұсылмандарды Түркияға, Түркиядағы христиандарды Грекияға зорлап көшірді. Адамдарды ғасырлар бойы тұрған жерін тастап кетуге мәжбүрлеген аянышты жағдай қалыптасты. 1,5-2 млн адам ары-бері сапырылысып, қанша адам жолда қаза тапты. Бұл елдерде ұлт құруда азаматтық модель емес, дін басты факторға айналды. Кейін Түркияда тіл басты орынға шығып, күрд тілді азаматтарға көп қысым болды. Грекияда да фашистік, нәсілшіл модель құрылды. Болгарияның құрылуында да жергілікті мұсылман халықты қырған. Бұдан сол кездерде ұлт модельдерін құру процестері өте қантөгіспен жүргенін көріп отырмыз», – дейді ғалым.

Азаматтық ұлт құру моделінің өзектілігін тарихи тізбек пен тәжірибе көрсетіп бергенін айтқан сарапшы, аталған ұғымның қазақ мәдениеті үшін де таңсық еместігін атап өтті.

фото: ҰОК

«Азаматтық ұлт моделі бізге соншалықты жат емес»

«Қазіргі таңдағы азаматтық, саяси ұлт модельдері батыстан келіп отыр. Біреулерде “батыстан келіп жатқан әр нәрсе жақсы ма» деген сұрақ тууы мүмкін. Әрине, батыстан келіп жатқан әр нәрсе жақсы емес. Біз модельді өз жағдайымызға, сұранысымызға сәйкес жорамалдауымыз керек. Біздің тарихымызда азаматтық ұлтқа ұқсас модельдер болған, бізге солар жақынырақ, аутентикалық болып келеді. Азаматтық ұлт моделі деп беталды қабылдай бермей, өзіміздің көшпенді мәдениетімізге сай келетін модельдерді шығару керек шығар”, – дейді ол.

Ғалым Жүсіпбек осы жерде еуроцентристік көзқарасқа сын айтады. «Шынайы мемлекеттерді тек отырықшы халықтар құрған» деген түсінікті үлкен қате деп санайды.

«Көшпелі халықтар да мемлекет құрған. Бірақ олардың мемлекетінің моделі сәл басқаша болды. Ел астанасы көшіп жүруі мүмкін еді, шекара бәлкім нақты белгіленбеген, динамикалық болған шығар. Бірақ тастанды жер деген болған емес. Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, қазақтар азаматтық ұлт моделіне ұқсас модель шығарған. Қазақ сұлтандары Әбілқайыр хандығынан бөлініп, саяси дербестікке ұмтылғанда, өзіне өзге тайпаларды, топтарды қосты. Сол кезде “сіз неге қосылдыңыз», «бізбен жақындығыңыз бар ма», «дәстүріңіз, руыңыз ортақ па» деп көп сұрамаған. Бұл жерде саяси мүдде бар. Әрине, бір аймақта тұрғандықтан мәдени жақындық болады ғой, бірақ ол бірінші орында тұрмайды. Яғни қазақ хандығының құрылу барысында да азаматтық ұлт құру рухы бар деп айтуға болады”, – дейді ол.

Кейінгі жылдары ру-тайпалар Жәнібек пен Керей сұлтандардың айналасына топтасып, Қазақ хандығын қалыптастырғанын, азаматтық ұлт моделіне жатқызатын жорамалдар жиірек айтыла бастағанын атап өткен жөн.

Азаматтық ұлт моделі ұлтты болмысынан айыру әрекеті емес пе

2009-2010 жылдары азаматтардың жеке куәлігіндегі «ұлты» деген тұсқа «қазақстандық» деп жазу туралы тақырып қоғамдық талқыға тасталады. Бұл да азаматтық ұлт моделінің бір формасы еді. Алайда ол кезде жуырда өмірден өткен ақын Мұхтар Шаханов, саясаткер Дос Көшім бастаған бір топ қоғам қайраткерлері бастамаға қарсы шығып, баспасөзде наразы адамдардың үні жаппай тарады. Кейін тақырып талқыдан түсті, ұмыт болды.

Сарапшы Ғалым Жүсіпбек ол кездегі халық реакциясы заңды әрі түсінікті болғанын, бірақ қазір жағдай мүлде басқаша екенін айтады.

«Ол кезде адамдар қорқынышының, қаупінің негізі болды. Өйткені Кеңес одағы аға буынның жадында еді. Ал совет үкіметінің ұлт моделі “кеңес адамын» жасаймыз дегеннен тұрды. Ол орысша сөйлесетін адам болатын. Ал ол кезде орыс тілі өте басым еді. Егер «қазақстандық» деген азаматтық ұлт моделі іске асып кеткенде, ол совет үкіметінің екінші сериасы болуы мүмкін еді. Сол кездегі қарсылық заңды болды әрі мен оған 90 пайыз қосыламын. Есімде, сол кезде кей әріптестерім қазақ ұлтшылдарын «саяси теориядан хабары жоқ» деп сынады. Мен олармен келіспеймін, өйткені ойын ережесі әділ болмады. Әрі сол модельді шығарған шенділер қаншалықты кеңестік модельден алыс еді деген сұрақ туады”, – дейді ғалым.

Азаматтық ұлт құрудағы тілдің рөлі

Саяси теория өкілдері азаматтық ұлт моделін құруда тілдің рөлін жоғары бағалайды. Бірақ ерекше жағдайларды да атап өтеді. Азаматтық ұлт моделін құра алған АҚШ, Франция сияқты қоғамдар монотілді болып келсе, Шейцарияда мемлекеттік тіл төртеу, кей сарапшылар бұл тізімге қос мемлекеттік тілі бар Финляндияны да жатқызады.

Ал сарапшы Қазақстан қоғамы қостілді деген түсінік шартты ұғым екенін айтады.

«Қазақ қоғамын қос тілді деп шартты түрде ғана айтар едім. Бәлкім кәсіпкерлікте қостілді шығар. Одан бөлек қостілділік екінші пландағы салалар бар. Мысалы, білім беру саласында, жоғары білім беруде қазақ тілі басым деңгейге ие болып отыр. Оны сенімді түрде айта аламын. Мен өзім ағылшын тілінде жұмыс істегендіктен, маған жақсырақ байқалатын шығар. Соңғы он жылда қазақ тілі жоғары білім саласында бірінші орынға шықты. Бұл үрдіс ары қарай кете береді, тоқтамайды. Өйткені жоғары білім алатындар кімдер, кешегі мектеп оқушылары. Кешегі мектеп оқушылары арасында басымы кімдер, қазақ мектебін бітіргендер. Ол мектепке кімдер барады, қазақ балабақшасынан шыққандар. Одан бөлек өзге этностық топ өкілдерінің қазақ атанғысы келетін үрдісін де байқаймын. Олар қазақ қоғамымен интеграцияны қалайды. Ол азаматтық ұлт құруға үлкен мүмкіндік. Біз осы жерде “қазақша сөйлемейсіңдер» деп сыртқа теппей, тарта білуіміз керек. Олар тартылған сайын, тіл мәселесі де бірте-бірте шешіледі”, – дейді ол.

фото: shutterstock

Азаматтық ұлт моделінде азаматтарды не біріктіре алады

Сарапшылар азаматтық ұлт декоротив модель емес, шындыққа айналуы үшін азаматтарды біріктіретін құндылықтар болуы керектігін алға тартады. Ғалым Жүсіпбек мұндай құндылық адами қадір-қасиет бола алатынына сенімді.

«Заманауи бейотар түсінік бар. Ол түсінікте іргетас жалпыға ортақ адами қадір-қасиет. 1948 жылы қабылданған жалпы ортақ адам құқықтары декларациясында да айтылатын негізгі идея жалпыға ортақ адами қадір-қасиет. Бұл жерде ой заманауи инклюзив бейотар түсінікте айтылып тұр. Яғни әр халық өзінің аутентикалық мәдениетінің түп негізінде осы адами қадір-қасиетті қастерлейді дейді. Мен қазақ ретінде аутентикалық, бұрмаланбаған, кеңестік, қазіргі капиталистік, жаһандық деформацияға ұшырамаған қазақ мәдениеті әр адамның жалпыға ортақ қадір-қасиетін мойындайды, әрі қорғайды деп айта аламын. Яғни, бұл – бізге жат дүние емес. Азаматтық ұлт моделі әйел адам, ер адам, қазақ, орыс демей, адами қадір-қасиетті құрметтеуді әкелуі керек. Азаматтық ұлт моделі адам ретінде біз ешкімнен артық емеспіз, кем де емеспіз дегенге негізделуі керек. Оның аты бар, ол – моральдық адами қадір-қасиет. Құқықтық емес, оны құқық, Ата заң, өзге заңдық құжаттар береді. Ал моральдық дегенде ешқандай құқық болмаса да біз моральдық тұрғыда адами қадір-қасиетке иеміз. Бұл – адам құқықтарының филофиясы, – дейді сарапшы.

Әлеуметтік әділеттілік пен нәсілшілдік

Ғалым Жүсіпбек адами қадір-қасиетті айқындайтын құндылық әлеуметтік әділеттілік болуы керектігін айтады.

“Жалпыға ортақ адами қадір-қасиетке жеткізетін нәрсе – әлеуметтік әділеттілік. Егер Алматыда адамша өмір сүру стандарты 500 мың теңге болса, онда біздегі ашық, жария жалақы кем дегенде 500 мың теңге болуы керек. Біз осыған тырысуымыз керек. Қазақстанда әлеуметтік әділеттілік болса, онда бүкіл этностық топ өкілі бұл – менің мемлекетім деп Қазақстанды жақсы көреді. Бұл жерде күнкөріс деңгейі өте маңызды. Әлеуметтік мемлекет моделі әлсіз, әлеуметтік лифттер дамымаған кезде адамдар бір-біріне сенеді. Бір-біріне сенгендіктен рушылдық, өңірлік, этникалық ұлтшылдық шығады. Ал этникалық ұлтшылдықты ұстап тұратын, асқындыратын бірден-бір фактор – нәсілшілдік. Нәсілшілдік Африкадағы, Америкадағы нәрсе емес, бұл – біздің қоғамға тән нәрсе. Нәсілшілдік заманауи анықтама бойынша қайсы бір жақсы, не жаман қасиетті қан арқылы берілген деп сипаттау. Мәселен, “пәлен халық қонақжай, қанында бар», «пәлен халық сараң, қанында бар» деу – нәсілшілдік. «Найман андай екен, Арғын мындай екен, Адайлар андай, олардың қанында бар» деу де нәсілшілдік. Иә, геннің әсері бар, бірақ 50 пайыздан аспайды. Нәсілшілдік жайылған қоғам азаматтық ұлт құра алмайды. Сондықтан бізге нәсілшілдік деген не, қазақ қоғамында қандай нәсілшілдік түсініктер бар, олар бізге қалай кедергі келтіреді, осыны зерттеу керек, дискурсқа шығару керек”, – дейді Ғалым Жүсіпбек.

Сондай-ақ оқыңыз