Қазақтар Қырғызстанда банктік терминал арқылы жалған долларлар өткізген

Бішкекте жалған долларларды өткізу туралы іс бойынша үкім шықты. Күдіктілер қатарында осы схеманы ұйымдастырған екі Қазақстан азаматы және олардың қырғызстандық үш сыбайласы бар, деп хабарлайды Kaktus.media.
Купюраларды банктік терминал арқылы «қолма-қол ақшаға айналдырған»
Тергеу нұсқасы бойынша, 2023 жылдың желтоқсанында екі қазақстандық делдалмен номиналы 100 долларлық жалған банкноттарды өткізу туралы келіскен. Жалпы сома 70 мың долларды құраған.
Әрі қарай схемаға Бішкектің үш тұрғыны тартылған. Олар арқылы жалған ақшаның бір бөлігі банктік терминалдар мен айырбастау пунктеріне салынған: 10 800 доллар – банктердің бірінің терминалдары арқылы, тағы 600 доллар – жеке айырбастау пунктері арқылы. Нәтижесінде 2 мың долларға жуық нақты ақша алу мүмкін болған. Бұл қаражат шекара арқылы ұйымдастырушыларға берілген.
Сот үкімі
Сот қазақстандықтарды адамдар тобы жасаған ірі көлемдегі ақшаны қолдан жасау қылмысы бойынша кінәлі деп таныды. Екеуі де жалпы режимдегі колонияға бес жылға бас бостандығынан айырылды. Рақымшылық бойынша мерзімдері үштен бірге қысқартылды. Жазасын өтегеннен кейін олар Қырғызстаннан шығарылады.
Бішкектегі екі сыбайласы қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 50 мың сомнан (264 мың теңге) айыппұл салынды. Үшінші қырғызстандыққа қатысты үкім туралы хабарланған жоқ.
Басылымның атап өтуінше, прокуратура соттар кейбір айғақтарды ескермегенін және рақымшылықты заңсыз қолданғанын алға тартып, шешімге наразылық білдіруге тырысқан. Өйткені банкке келтірілген шығын 952 мың сомнан (5 млн теңгеден астам) асқан, бірақ бұл соманың 3/4 бөлігі өтелмеген. Қорғау тарапы болса, сотталғандардың біріне қатысты айыпты жеңілдетуді сұраған.
«Сот алқасы Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер және құқық бұзушылықтар туралы істер жөніндегі сот алқасының үкімін өзгеріссіз қалдыруға қаулы етті. Прокурордың кассациялық ұсынысы мен адвокаттың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің халықаралық іздеудегі экс-күйеу баласы Азамат Қапеновтің Қырғызстан азаматтығын алғанын жазған едік.