Сенатор Алматы метросын тексеріп, мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды ұсынды

Сенат отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев Алматы метросын толық тексеріп шығуды ұсынды. Ол жер асты пойызының жұмысына, қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін деп есептейді.
«Пойыздан техникалық ақау шығып, түтіндеуі бәрімізді алаңдатты. Бұл жағдай қауіп-қатер бар екенін және мемлекет деңгейінде жедел шара қолдану қажеттігін көрсетеді», – дейді сенатор.
Депутат айтқан жайт өткен аптада болған. 23 сәуірде Алматы метросында оқыс оқиға тіркелді. Әлеуметтік желілерде тараған видеода «Алатау» бекетінде түтін шығып, жолаушыларды эвакуациялап жатқаны көрінеді. Дегенмен төтенше жағдай министрлігі ешқандай өрт болмағанын, тек техникалық қателік кеткенін мәлімдеді.
Пойыздарды да жаңарту керек
Сондай-ақ, Сарыбаев локомотивтерді жаңарту мәселесі де тым ұзап кеткенін атап өтті. Оған басты кедергі – жаңадан сатып алынатын пойыздар мен қазіргі қолданыстағы Hyundai Rotem басқару жүйесінің бір-біріне сәйкес келмеуі болып тұр.
Сенатор сөзінше, мәселе жай ғана сатып алуға емес, елдегі жалғыз метроның стратегиялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Осыған байланысты депутат метродағы вагондардың сапасын тексеріп, болашақта сатып алынатын технологиялардың қазір қолданылып жатқан жүйемен қаншалықты үйлесететінін алдын ала зерттеп отыруды ұсынды.
Айта кетейік, қазір Алматы метросында қызу құрылыс жүріп жатыр. 13 ақпанда Қалқаман бекеті ресми түрде метро желісіне қосылды. Енді қала әкімдігінің уәдесі бойынша, осы жазда жаңа бекет пайдалануға берілуі керек.