Тоқаев Швеция Королін құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Швеция Королі XVI Карл Густавты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, жедел хат жолдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Король XVI Карл Густавтың парасатты басшылығымен Швеция Еуропада және әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын мемлекет мәртебесін сақтап келе жатқанын атап өтті», – делінген Ақорданың ақпаратында.
Президент қос халық арасындағы достық байланыс мен өзара түсіністікті жоғары бағалайтынын жеткізген. Сондай-ақ Швециямен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірген.
Тоқаев Король XVI Карл Густавтың ел игілігі жолындағы еңбегіне толайым табыс, ал достас Швеция халқына бақ-береке тіледі.
Мұның алдында Қазақстан президенті Оңтүстік Африка Республикасының Президентіне құттықтау жеделхатын жолдаған еді.