Зейнетақы қорындағы артық ақшаны алу қиындай түседі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақының «жеткілікті шегін» есептеу әдісі не үшін өзгеретінін түсіндірді.
Министрлік алдымен зейнетақы жинағының кез келген уақытта жұмсай салатын депозит емес екенін еске салады. Бұл қаражат адам зейнетке шыққанда негізгі күнкөріс көзі болуға тиіс. Қазір қолданыста жүрген есептеу әдісі адамды өмір бойы үзіліссіз жұмыс істеп, ай сайын ақша аударып тұрады деген негізге сүйенеді.
Алайда өмірде адамның жұмыссыз қалатын немесе табысы азаятын кезеңдері болатыны ескерілмеген. Сондай-ақ жеткіліктілік шегінің мәндері соңғы үш жыл бойы жаңартылмаған.
Енді ведомство жаңа «актуарлық әдіске» көшеді. Бұл жүйе адамның болжамды өмір сүру ұзақтығын, жинақталған ақшаның инфляциядан қорғалуын және болашақ төлемдердің нақты көлемін есепке алады.
Мәселен, 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге бар делік. Оның жасы бойынша шекті деңгей – 7,8 млн теңге. Демек қазір «артық» тұрған 3,2 млн теңгені шешіп ала алады.
Бірақ бұл ақшаны бүгін пайдаланса, ертең зейнетке шыққанда алатын ай сайынғы төлемі өте аз, яғни бүгінгі есеппен небәрі 35,6 мың теңге болады. Ал егер салымшы бұл қаражатқа тиіспесе, болашақтағы зейнетақысы 2-2,5 есе дейін артуға тиіс.
Бұған дейін қазақстандықтар осы бастаманы қолдамаған. Өйткені жеткілікті шекті көтеру көптеген азаматтың өз жинағын алуына кедергі болады.