Жыл соңына дейін теңге бағамы қандай болмақ

AERC сарапшылары теңге бағамына қатысты болжамын айтарлықтай жақсартты. Бұл туралы 2026 жылға арналған макроэкономикалық болжамда айтылған.
Егер қаңтар айында бір доллардың орташа жылдық құны 546 теңге болады деп күтілсе, сәуірдегі есепте көрсеткіш 518,5 теңгеге дейін төмендетілді.
Ұлттық валютаның нығаюына Парсы шығанағындағы геосаяси шиеленіс салдарынан әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауы басты себеп болған. Атап айтқанда, сарапшылар Brent маркалы мұнайдың орташа бағасын бұрынғы 60 доллардың орнына 87 доллар деңгейінде болжап отыр.
Дегенмен мұнай өндірісіне қатысты болжам аздап төмендеді: Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) инфрақұрылымдық шектеу мен Қашағандағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты өндіріс көлемі 93 млн тоннадан 92,5 млн тоннаға дейін азаюы мүмкін.
Инфляция қандай болады
Биыл жыл басынан бері елде жылдық инфляцияның баяулауы байқалады (наурызда 11%-ды құрады). Осыған сүйене отырып, AERC тұтынушылық инфляция бойынша болжамын 9,5%-дан 9%-ға дейін жақсартты. Ал өнеркәсіптік инфляция, керісінше, мұнай бағасының өсуіне байланысты 4,5%-дан 12,5%-ға дейін жоғарылады.
Сыртқы тәуекелдер ретінде сарапшылар Ресейдегі баға өсімі, әлемдік азық-түлік және Еуропадағы энергия ресурстарының қымбаттауын атап өткен.
Халықтың табысы артты ма?
Экономистердің пайымдауынша, халықтың атаулы табысы биыл 14,1%-ға өседі. Инфляция болжамының төмендеуіне байланысты нақты табыстың өсім деңгейі де 3,7%-дан 4,3%-ға дейін қайта қаралды. Ал орташа айлық жалақының өсімі 13,5% деңгейінде қалады деп күтілуде.
Елдің жалпы ішкі өніміне (ЖІӨ) қатысты болжам аздап төмендеп, 4,6% деңгейінде бекітілді (қаңтарда 4,9% болатын). Бұған инвестициялық белсенділіктің баяулауы мен импорттың экспорттан жылдам өсуі себеп болған. Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың өсу қарқыны 8,7%-дан 7,8%-ға дейін төмендеді.
Мемлекеттік бюджеттің салық түсімдері корпоративтік және жеке табыс салығының есебінен 26,69 трлн теңгеге дейін артады деп болжанған. Сонымен қатар бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 3,3% деңгейінде (5,95 трлн теңге) қалыптаспақ.
Сыртқы саудада төлем балансының ағымдағы шотындағы тапшылық азайып, 12,31 млрд долларды құрайды деп күтілуде. Экспорт көлемі 81,95 млрд доллар, ал импорт 68,58 млрд доллар шамасында болады деп болжанып отыр.