«Ертіс» – «Қайрат» ойынының тікелей трансляциясы

Қазақстан премьер-лигасының 8-ші турында павлодарлық «Ертіс» Астанада алматылық «Қайратты» қабылдайды. Павлодар қаласындағы Орталық стадионның газоны ауыстырылуына байланысты «Ертіс» мамыр айынан бастап өз үйіндегі ойындарын елордадағы «Астана Аренада» өткізуге мәжбүр.
Командалардың қазіргі жағдайы
Матч алдында екі ұжымның да көрсеткіштері мен соңғы нәтижелері әртүрлі:
Павлодарлықтар өткен турда «Ақтөбеден» (0:1) жеңіліп қалды. Сондай-ақ, Қазақстан Кубогының 1/8 финалында «Қызылжарға» (1:2) есе жіберіп, турнирден шығып қалды. Қазіргі уақытта команда 6 ұпаймен турнир кестесінің 12-ші сатысында тұр.
Алматылық «Қайрат» болса соңғы турда «Елімаймен» тең түсті (2:2). Кубок жолында «Қайсарға» (1:2) есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады. Дегенмен, чемпионатта «Қайрат» әлі де көш бастап тұр 15 ұпаймен бірінші орында.
Ойынның трансляциясы
Тартысты кездесу сағат 17:00-де басталады. Жанкүйерлер ойынды KFF League YouTube-арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» футбол клубы бас бапкерге қатысты қауесеттерге жауап берген еді.