Алматыдағы әуежайдың шатырын су алды

Алматыдағы қатты жауыннан мегаполистегі әуежайдың кей аймағын су алды. Бұл туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіге жазып жатыр.
Алматы тұрғыны Елена Разумихинаның жазуынша, ол құжат тексерісінен өтіп, лаундж-зонаға барғанда барлығын су алғанын көрген.
«Алматының жаңа әуежайы. Бұл қалай болғаны? Барлығын су басқан. Тексеріс аумағы да, құжат тексеру аумағы да, барлық компьютерге де су тиді. Бәрін жауып тастаған, ешкімді кіргізбейді, әуежай жұмысы тоқтап қалды. Енді қашан ұшатынымыз белгісіз», – дейді ол Threads желісінде.
Алматы әуежай өкілдері төтенше жағдай болғанын мойындады.
«Нөсер жауынның салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының кейбір аймақтарында шатырдан су кетті. Оқиғаның салдары 30 минут ішінде жедел түрде жойылды және бұл рейстердің орындалуына ешқандай әсер еткен жоқ. Қазіргі уақытта әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оқиғаның себептерін анықтау және алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін инфрақұрылымға тексеру жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Алматы халықаралық әуежайында ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әуе айлағының басшылығы ішкі рейстер терминалы (Т1) 2026 жылдың шілдесіне қарай қайта жөндеуден өтетініне уәде берді. Қала әкімдігінің жоспарынша, әуежайда автотұрақ орны екі есе көбеюі керек.