Екі жылдан кейін қазақ ауылдарының 90%-ы сапалы интернетке қосылады

2028 жылға қарай Қазақстандағы ауылдар сапалы интернетке қосылады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан GITEX AI форумында цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
Министр түсіндіруінше, сапалы интернет тарату үшін ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс орнатылады.
«Цифрлық инфрақұрылым тұрғысынан алғанда, телеком инфрақұрылымын дамыту өте маңызды. Біз бірқатар ірі жобаларды бастадық. Соның бірі – Қазақстандағы ауылдардың 90 пайыздан астамына талшықты-оптикалық байланыс тарту.
Осылайша, 2028 жылға қарай ауылдардың 92–93 пайызы жоғары сапалы талшықты-оптикаға қол жеткізеді. Ал 2027 жылдың соңына қарай ірі қалалардың 60-75 пайызы 5G-мен қамтылады», – деді ол.
Каспий теңізі түбінен өтетін оптикалық желі іске қосылады
Жаслан Мәдиев форум ашылуында сөйлеген сөзінде Каспий теңізі түбінен өтетін оптикалық желі биыл нақты іске қосылатынын тағы бір атап өтті.
«Каспий теңізі түбіндегі талшықты-оптикалық желі ірі технологиялық компаниялар мен ірі бұлтты платформалар үшін желі резервін сақтауды және деректердің кедергісіз берілуін қамтамасыз етеді. Ол осы жылдың соңында іске қосылады», – деп атап өтті министр.
Каспий теңізі түбінен өтетін оптикалық желі құрылысы былтыр басталған. Жоба аясында Әзербайжанның Сумгаит қаласын Қазақстандағы Ақтаумен байланыстыратын, ұзындығы 380 шақырым болатын суасты байланыс желісі тартылады. Транскаспий жобасы – Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды жобаның бірі.
Алматыда Орталық Азиядағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ең ірі оқиға – GITEX AI Kazakhstan 2026 форумы өтіп жатыр. Dealroom.co деректеріне сүйенсек, соңғы жеті жылда еліміздің технологиялық секторы қарқынды дамып, көлемі 26 миллиард долларға дейін артқан. Алматыда өтіп жатқан форум осы оң динамиканы нығайтуды көздейді. Шараға әлемдік деңгейдегі 300-ден астам стартап, 150 сарапшы және 100-ге жуық инвестор қатысады.