Ибрагимов, Шодиев және Машкевичтер әулеті 28,4 млрд теңге дивиденд алады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Үш миллиардер әулет дивиденд алады Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Еуразиялық қаржы компаниясының» (ЕҚК) акционерлері арасында 2025 жылдан бері жалғасқан текетірес сейіліп, тараптар дивиденд төлеу мәселесінде ортақ мәмілеге келген сыңайлы. Сәуір айында өткен жиында құрылтайшылар 2023 жылдан қалған бөлінбеген пайданың бір бөлігін үлестіруге бірауыздан келіскен. Бұл ақпаратқа ең бірінші «Ручная экономика» телеграм арнасы назар аударды.

Осы шешімге сәйкес, Еуразиялық банк пен «Еуразия» сақтандыру компаниясының акцияларына иелік ететін бас компания қожайындарына жалпы сомасы 28,4 млрд теңге төлейді.

Бір жай акцияның құны 28 634 теңге болып бекітілді. Салыстырмалы түрде айтсақ, холдингтің 2023 жылғы таза пайдасы 112,7 млрд теңгені құраған.

Егер Ибрагимов, Шодиев және Машкевичтер әулетінің компаниядағы үлес салмағы 2024 жылдың соңындағы деңгейде сақталса, онда әр отбасының қанжығасына шамамен 9,48 млрд теңгеден тимек.

Бұл – акционерлердің өткен жылғы даудан кейінгі алғашқы нәтижелі келісімі. Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылдың желтоқсанында тараптар 2024 жылдың пайдасын бөлісе алмай, келіссөздер тығырыққа тірелген.

Бұған дейін Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) акционерлері арасындағы корпоративтік дауға нүкте қойған. Сот бизнесмен Шухрат Ибрагимовтың ЕҚК-ға қарсы талабын қанағаттандырып, компанияны директорлар кеңесінің 2025 жылғы 2 маусым мен 30 шілдедегі шешімдерін орындауға міндеттеді.

Биыл компанияның меншік иелері құрамында да ауқымды ауыс-түйіс болды. Ақпан айында Шухрат Ибрагимов анасының үлесін алып, ресми акционер атанса, сәуірдің басында марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлері – жұбайы Лариса мен қыздары Алла және Анна да холдинг иелерінің тізіміне қосылды.

Сондай-ақ оқыңыз